Өңірде туберкулез дертіне шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің көбеюі алаңдатып отыр
ОРАЛ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында туберкулез дертіне шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің көбеюі алаңдатып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы 31 (биыл 3) бала, 48 (биыл 6) жасөспірім осы кеселді жұқтырған. Жалпы, өңірде жаңа туған сәбилердің 98,7 пайызы, 6-7 жастағы балдырғандардың 99,8 пайызы туберкулезге қарсы егілген.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансер бас дәрігерінің орынбасары Сергей Погодаевтың айтуынша, соңғы үш жылда туберкулезбен күрес қызметіне қаралған қаржы үш есеге өсті. Биыл 138 млн. теңге бөлінді. Жыл сайын 250 мың ересек адам флюорографиялық, 55 мың бала диагностикалық тексеруден өтеді. Әйтсе де бұл кеселдің білдіртпей келетіні ел ішінде ауру жұқтыру қаупінің сейілмей отырғанын көрсетеді. Негізінен бұл жұқпалы дерт жұмыссыздар мен жазасын өтегендер, маскүнемдік пен нашақорлыққа салынушылар арасында жиі кездеседі.