Өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында тиісті жұмыстар орындалуда
ОРАЛ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында тиісті жұмыстар орындалуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Қазіргі кезде арнайы жұмыспен қамту картасына сәйкес әр елді мекенде қанша адам жұмыс істеп жатыр, жұмыссыздар қанша, болашақта қанша адам еңбекке тартылады, соның бәрінің нақты есебі алынып, сол бойынша жұмыстар атқарылуда. Ынтасы бар адамдарды қайтадан оқыту ұйымдастырып, мамандық алуына жағдай жасалады. Сондай-ақ шетелдік мамандардың орнын қазақстандықтармен толықтыру да ойластырылуда.
Екінші маңызды мәселе ? адамдардың еңбекақыларын уақтылы алуына ықпал ету. Жыл басынан бері осы жағдайға байланысты жеке адамдардан 200-ден астам өтініш түсті. Алынбаған төлемдердің көлемі 7 млн. 500 мың теңгені құраса, осыны қайтаруға күш салынды. Еңбек тәртібіне байланысты 160-қа жуық тексеру жүргізіліп, 500-ден астам заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңірде 3900-ден астам жұмыс беруші мекеме болса, еңбек инспекторларының саны ? 22.