Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға кәсіпкерлер де үлестерін қосуда

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жұмыс орнын қысқартпау бағытында тиісті шаралар атқарылуда,

Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға кәсіпкерлер де үлестерін қосуда
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл маңызды мәселе Тасқала ауданында да тұрақты бақылауда. Ауданда жүзден аса шағын кәсіпкерлік тіркелсе, соның 87-сі өз жұмысын жалғастыруда. Ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес кәсіпкерлер жұмыс орнын қысқартпау, адамдардың өнімді еңбек етіп, тұрмыс жағдайларының қалыпты болуына мүмкіндік туғызуды өз міндеттеріне алып отыр. Мәселен, «Өсімтал» шаруа қожалығының жетекшісі Есентай Жамансариев өткен жылға қарағанда он бес жұмыс орнын артық ашпақ. Астраханкин елді мекеніндегі ескі мектепті жөндеуден өткізіп, көшіп келушілерді пәтермен және жұмыспен қамтымақ. Алдарына бір сиыр, төрт қой салмақ. Мұндай игілікті қадамды өзге де кәсіпкерлер қолдап отыр. Сондай-ақ аудандағы жетпіс мекеме аз қамтылған отбасыларға рухани және материалдық көмек көрсетуде.