17:52, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өңірде жеті денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, соның алтауының құрылысы өткен жылы басталды
ОРАЛ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жеті денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, соның алтауының құрылысы өткен жылы басталды.

Бұл туралы Жәнібек ауданында өткен медицина мәселелеріне арналған көшпелі мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде 362 дәрігер жетіспейтін. Өткен жылы облысқа 37 маман келіп, оларға тиісті жағдай жасалды. Үш емдеу мекемесі ИСО 9001-2001 сапа менеджменті сертификатына ие болды. Осындай жүйеге облыстық басқарма да көшті.
Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарының медицина қызметкерлері бас қосқан мәжілісте кемшіліктер де айтылды. Мәселен, өкпе ауруы мен сәбилердің шетінеу көрсеткіші Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында жоғары болып отыр. Кейбір ауылдардағы мекемелер жедел қызмет көрсетуге дайын емес немесе тиісті жабдықтар жетіспейді.
Көшпелі отырыстан кейін болған семинар-кеңесте де медицина қызметкерлерінің өз ісін ширата білуі керектігі сөз болды.