Өңірдегі істерге үкіметтік емес әйелдер ұйымдары да белсене қатысып келеді
ОРАЛ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық үкіметтік емес ұйым болса, соның 100-ге жуығы белсенді қызмет атқарады.
Соның 19-ы үкіметтік емес әйелдер ұйымы болса, олардың бірқатары өз жұмыстарымен өңірге танылып үлгерді.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Светлана Әлмұқанованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, облыста аталмыш саясатты жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы жылма-жыл өсіп келеді. Мысалы, бұл мақсатқа 2007 жылы 632 мың теңге бөлінсе, биыл 4,9 млн. теңге қаралды. Қазіргі таңда облыс аумағында әйелдер саясатына қатысты бес жоба жүзеге асырылуда.
Бүгінде шағын кәсіпкерлік саласында 60,1 адам жұмыс жасаса, соның 40,9 пайызы - қыз-келіншектер. «Орал» шағын несие ұйымы» ЖШС арқылы жергілікті бюджеттен өткен жылы және биылғы бірінші тоқсанда 122 адамға 258 млн. теңге берілсе, соның ішінде басшы әйелдерге 107 млн. теңгенің 57 несиесі бөлінді. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ БҚФ арқылы өткен жылы 250 млн. теңгеге 77 ауыл кәсіпкері несиелендірілсе, соның ішінде әйелдерге 24,3 млн. теңгенің 12 несиесі берілді.
Биылғы жылдың ақпанынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы арқылы «Әйелдерді несиелендіруді қолдау» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оларға несие жылына 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге 3 млн. теңгеге дейін беріледі. Бұл да әйелдердің өз істерін дамыта түсуіне оң серпін беретіні анық.