Өңірге танымал композитордың ән кеші ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды

ОРАЛ. 29 маусым. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақсай қаласында тұратын өңірге танымал композитор Ғұбайдолла Хибашев шығармашылық қызметінің 40 жылдығына орай «Ақжайық - өлкем» атты ән кешін өткізді.

Өңірге танымал композитордың ән кеші ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды

Ұзақ жыл Тайпақ ауданында мәдениет саласында мақтаулы еңбек еткен Ғ.Хибашев ел сүйсініп айтатындай әндер де жазды. Қазір оның туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов сынды белгілі әншілер орындап жүр. Әсіресе, автордың туған жер, жастық шақ, махаббат тақырыбына жазған әндері кең таралған.

Аталған кеште де Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Марат Сарбөпеев және басқа әншілер сахнаға шықты. Ғұбайдолла Хибашевтің ұлдары Омар мен Бейбіт те - әншілер.

Мерейтой иесін Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сидық, алыс-жақыннан келген әріптестері құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.