18:38, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің көрсеткіштер тізбесі 47-ден 23-ке дейін қысқарды - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің көрсеткіштер тізбесі 47-ден 23-ке дейін қысқарды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған агенттіктің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы ҚР Статистика агенттігіне өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің аясында көрсеткіштерді қайта қарап, қысқартып, оңтайландыру бойынша тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы біз бүгінде орындадық», - деді Ә. Смайылов. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, тиісті ұсыныстар өңірлердің барлық әкімдіктерінен жиналып, тиісті мемлекеттік органдармен талқылаулар жүргізілді. «Қазіргі таңда жаңа әдіспен рейтингіге қатысты көрсеткіштердің тізімін бекітіп, мәліметтерді ҚР Президенті Әкімшілігіне жібердік. Нәтижесінде, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің көрсеткіштер тізбесі 47-ден 23-ке дейін екі есе қысқарды», - деді Ә. Смайылов. Оның айтуынша, бұған дейін агенттік қалыптастырған рейтингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық дамуының көрсеткіштері қамтылған болатын. Осы тізімді қайта қарастыру кезінде өңір әкімдерінің қызметін тікелей көрсететін көрсеткіштер қалдырылды. Атап айтқанда, бұл тізбеде әкімдер жұмысының нәтижесін айқындайтын талаптар ескерілген.