Өңірлік электр компанияларына инвестиция тарту қажет

None
None
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өңірлік электр компанияларына инвестиция тартылмаса, оларда апаттар болу қауіпі бар. Бұған желілердің тозуы себеп болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осыған байланысты министр Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне, өңірлік электр компанияларының тарифтері бойынша Энергетика және минералды ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, қағидаттық шешім қабылдау мәселесін сұрады. Министрдің айтуынша, өңірлік электр компанияларының экономикасы өткен жылмен салыстырғанда едәуір нашарлап кеткен. Өз кезегінде бұл маңызды мәселе екеніне тоқталған Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов: «Энергетика және минералды ресурстар министрі айтып кеткендей, инвестицяларды осы салаға тарту үшін біраз тарифтерді қарап, көтеру керек. Тиісті жұмыстар жүргізілген. Бірақ алдағы уақытта біз бәріміз бірігіп Статистика агенттігімен, Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен, жергілікті органдармен бұл мәселені нақты қарап, уақытында қадағалауымыз қажет. Бұл әлеуметтік мәселе болғандықтан оның әсері, халыққа зияны болмауы үшін тиісті шараларды қарастыруымыз шарт», деді.
Соңғы жаңалықтар