Онкология және жүктілік: елордада өзекті медициналық мәселелер көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Көпбейінді медициналық орталық базасында онкологиялық аурулар мен әйелдер денсаулығына қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.
Конференция онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, оған Қазақстанның жетекші мамандары мен алыс-жақын шетелдегі онкологтар қатысты.
— Кездесу барысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, заманауи емдеу тәсілдері, алдын алу шаралары және жүктілік кезіндегі қатерлі ісік сияқты өзекті мәселелер қаралды. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдердегі онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу жеке тәсілді және пәнаралық ынтымақтастықты қажет етеді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ онкология, маммология, гинекология, эндокринология және репродуктология салаларындағы қазіргі медициналық жетістіктер мен тәжірибелер талқыланды.
Әсіресе пациенттердің репродуктивті денсаулығын сақтау және емдеу тактикасын дұрыс таңдау мәселесіне басымдық берілді.
Сарапшылар онкологиялық ауруларды уақытылы анықтау қазіргі медицинаның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Жүктілік пен онкологияның қатар жүруі бүгінде тек медициналық емес, әлеуметтік маңызы бар мәселе ретінде қарастырылатыны айтылды.
Ал қатерлі ісікпен күресте жасыл дәліз қалай көмектесетінін мына сілтемеден оқыңыз.