Онкологияда ғажайып болмайды, ал ажалдан арашалау нәтижелі жұмыстың жемісі - онколог

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Халық арасында «аты жаман ауру» деп аталып кеткен қатерлі ісік диагнозы қойылғанда, көпшілік өмірден күдерін үзе бастайды. Обырдан алғашқы сатыларында толық емделіп шығуға болады. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісік дертімен 11 мыңға жуық адам диспансерлік есепке алынып, тиісті ем-дом алып жатыр. Онкологиялық орталық директоры Олег Дудяк ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, обыр ауруының пайда болу себептері, емдеу, алдын алу шаралары жайында айтып берді.

Онкологияда ғажайып болмайды, ал ажалдан арашалау нәтижелі жұмыстың жемісі - онколог
Фото: Онкологиялық орталық баспасөз қызметі

- Қатерлі ісіктің қай түрлері облыста қазіргі уақытта кең тараған, оның себебі неде болуы мүмкін?

- СҚО-да ең көп тараған онкологиялық аурулар - өкпе және тері қатерлі ісігі. Өкпенің қатерлі ісігінің басым болуына алдымен біздің өңірге тән суық ауа райы себеп. Облыста өкпе-бронх аурулары, оның қабынуы жиі кездеседі. Дер кезінде емделмеудің салдары обырға ұласуы мүмкін. Ал екінші себеп - темекі шегуге байланысты.

Тері қатерлі ісігі өлімге әкелетін ауру болмаса да, оның біздің аймақта таралуы алаңдаушылық тудырады. Әдетте, саяжайда шақырайған күнді елемей көкөніс-жидегін күтетін егде жастағы адамдар зардап шегеді. Сондықтан егер теріңізде сізді алаңдататын кез-келген өзгерістер байқалса, дәрігерге жазылыңыз. Маман терінің өзгеруін зерттеп, себебін анықтайды. Тері қатерлі ісіктерінің көпшілігінің алдын алуға болады. Ол үшін күн сәулесінің астында көп жүрмеңіз. Күннен қорғайтын кремді жыл бойына жағып пайдаланыңыз. Қорғаныс киімін киіп, ультрафиолет сәулесінен сақтаңыз. Терінің жаңа өсінділерінің бар-жоғын немесе бар меңдерде, секпілдерде, төмпешіктерде өзгерістер бар-жоғын білу үшін теріңізді жиі тексеріп отырыңыз.

- Онкологиялық орталықта қандай емдік шаралар қолжетімді?

- Онкологиялық орталықта хирургиялық және дәрілік емдеудің барлық дерлік түрлері жасалады. Қолдағы жабдықтардың жеткіліксіздігіне байланысты сәулелік терапия бойынша бірқатар шектеу бар. Жақын арада бұл мәселе желілік үдеткіш қондырғысын әкеліп орнатқаннан кейін жойылады деп үміттенеміз.


Онкологиялық саланы дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Ол әр аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Мәселен, биыл материалдық базамыз желілік үдеткіш қондырғысымен толықпақ. Ол жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсарта түсуге көмектеспек. Бұл аппараттың көмегімен барынша нақты әрі қарқынды терапия жүргізіледі. Заманауи құрал-жабдық радиотерапияның барлық түрлерін жүргізе алады.

- Қатерлі ісіктің пайда болуына не себеп?

- Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын нақты айту қиын. Созылмалы аурулар обырға ұласуы мүмкін. Жалпы қатерлі ісікке әкелетін факторлар өте көп. Обырдың кейбірі тұқым қуалайды. Тұқым қуалағанда да дәл сол ауру емес, обырдың басқа түрі болуы мүмкін. Артық салмақ, аз қимылдау – мұның бәрі қатерлі ісіктің дамуына сеп болуы мүмкін. Күнделікті жеп жүрген тамаққа да мән берген жөн. Канцерогендер - обырдың дамуына себеп болатын химиялық заттар көптеген азық-түліктерде кездеседі, әсіресе майға қуырылған, консервіленген және маринадталған тағамдарда, ұзақ сақталынған азық-түліктерде, ысталған тағамдарда бар. Майлы тағамдарды, соның ішінде малдың майын тұтынуды азайту қажет. Қатты тоя тамақтанбауға кеңес беремін. Жалпы алдын алу үшін қарапайым ережелерді ұстансаңыз болады: дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, темекі өнімдерінен, алкогольден бас тарту, семіздікке ұрынбау, құрамында жеміс пен көкөніс бар тамақ жеу, инфекция жұқтыратын кез келген жыныстық қатынастан тыйылу, таза ауада жиі серуендеу обырдан бөлек кез келген аурудың алдын алады.

Темекі шегу – өкпе, кеңірдек, ерін, өңеш, асқазанның қатерлі ісігіне әкеліп соғуы мүмкін.

Арақты шамадан тыс ішу – асқазан, бауыр, ұйқы безі, өңеш обырына әкеледі.

Аз қимылдау және артық салмақ тоқ ішек пен тік ішек, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына себепкер.

Обырдың пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, басқа ағзаларға әсер ете бастаған кезде ғана байқалады.

- Сіздің тәжірибеңізде сырқаттың онкологиялық аурудан ғажайып жолмен емделіп, таң қалған жайттар болды ма?

- Онкологияда ғажайыптар болмайды. Әр құтқарылған өмірдің артында жоспарлы түрде жүргізілген ем, команданың нәтижелі жұмысы тұр. Халық еміне жүгінетіндер бар. Олар зерттелмеген, сондықтан нәтижесі жайында айту қиын. Халық еміне сеніп жүріп алтын уақытты жоғалтып алуға болады. Ия өздігінен емделіп, аяққа тұрып кеткендер бар. Оның әрқайсысына тоқталар болсақ – бұл сырқаттарда обыр болмаған, диагностикадан қателік кетуі мүмкін. Егер бұл негізгі емге зиян тигізбесе және сырқатқа қандай да бір сенім берсе — шөптен жасалған тұнбаларды ішсін.

- Жатыр мойны қатерлі ісігі жайында соңғы кезде жиі естиміз. Одан сақтанудың жолдары қандай?

-Біздің онкологиялық орталықта обырдың осы түрі бойынша 550-ге жуық әйел есепте тұр. Былтыр дерт жаңадан 77 әйелде анықталып, олар диспансерлік есепке алынды. Оның жетпісінде қатерлі ісік ерте сатысында болды. Жатыр мойны қатерлі ісігінде төртінші ғана емес, үшінші сатысы да асқынған болып есептеледі. Өйткені оны ерте анықтауға болады және алдын алу мүмкіндігі бар. Негізінен рактың бұл түрі фертиль жастағы, жұмысқа қабілетті әйелдерде көп кездеседі. Олардың жасы 35 пен 53 аралығында. Өкінішке орай, обырдың бұл түрі «жасарып» барады. Сырқаттарымыздың арасында 25-28 жастағылар да бар.

Аурудың алдын алу үшін елімізде скринингтер өткізіледі. Былтыр СҚО-да 20 мыңнан астам әйел тексерілді. Нәтижесінде рак 12 адамда ерте сатысында анықталды. Обырға ұласуға жақын қалған 180 жағдай тіркелді, бұл сырқаттарды дер кезінде анықтап, емдегендіктен қатерлі ісіктің алдын алу мүмкін болды.

Жалпы жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болу себебі көп. Жыныстық қатынасқа ерте түсу, ерте босану немесе 28 жастан кейін жүкті болу дерттің пайда болуына әсер етеді. Сондай-ақ жатыр мойнының жаралары мен жыныс жолдарының инфекциялары, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау, онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойынының обырына тұқымдық бейімділік, артық салмақ, темекі шегу қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Кездейсоқ және бей-берекет жыныстық қатынастар да аурудың пайда болуына әкеледі.

- Рахмет!

Ақерке Дәуренбекқызы