Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өңірлерге 34,5 мың бас мал сатып алуға 43 млрд теңге бағытталды - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте 2030 жылға дейінгі Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысы талқыланды.

Ауыл шррауашылығы министрлігі
Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Айдарбек Сапаров мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға қажетті барлық қаржылық мүмкіндіктер жолға қойылғанын атап өтті.

Кешенді жоспар аясында «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдетілген несие бағдарламалары іске асырылу үстінде. Сонымен қатар саланың барлық бағыты бойынша айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу көлемі кеңейтілді.

-Біз фермерлердің ұсыныс-тілектерін ескеріп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландырылатын бағдарламаларға қатысу талаптарын едәуір жеңілдеттік. Ендігі міндет – өңірлерде жобаларды сапалы іріктеу. Мемлекеттік қаражаттың тиімді игерілуі мен жеңілдетілген несиелердің қайтарымдылығы үшін облыс әкімдіктері жанынан құрылған комиссиялар мен қаржы институттары жауапты болады. Сондықтан барлық тәуекел жағдайлар алдын ала жан-жақты пысықталып, әрбір жоба қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін мұқият сарапталуы тиіс, – деді министр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, өңірлерге 34,5 мың бас ауыл шаруашылығы жануарын сатып алуға 43 млрд теңге бағытталған.

Сонымен бірге бірқатар өңірде жобаларды қарау және іске асыру қарқыны әлі де төмен. Осыған байланысты Айдарбек Сапаров жұмысты жеделдетуді, әрбір жобаны жеке сүйемелдеуді қамтамасыз етуді және іске асыруға толық дайын емес жобаларға мемлекет қаржысын бағыттамауды тапсырды.

Кеңесте ірі егіншілік шаруашылықтарын мал шаруашылығын дамытуға тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазақстанда жер көлемі 10 мың гектардан асатын, алайда жеткілікті жер қоры мен өндірістік әлеуетіне қарамастан малмен айналыспайтын шаруашылығы 329 жер пайдаланушы бар.

-Бұл шаруашылықтардың мал шаруашылығын дамытып, толыққанды өндірістік тізбекті қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті. Бұл – Мемлекет басшысының, сонымен қатар, Премьер-министрдің нақты тапсырмасы. Сондықтан әкімдіктер осындай кәсіпорындармен жұмысты қысқа мерзімде жандандыруы қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Кеңесте алдағы мал қыстату науқанына дайындық барысы да қаралды. Өңірлердің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда 16 млн тонна мал азығы дайындалған. Дегенмен кейбір облыстарда мал азығын дайындау қарқыны жоспарланған деңгейден төмен.

Кеңес қорытындысында министр өңірлерге 2030 жылға дейінгі Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын сапалы іске асыруды, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді, ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға белсенді тартуды, сондай-ақ мал азығын дайындау қарқынын жеделдетіп, қолда бар шабындық алқаптарды тиімді пайдалануды және алдағы қысқы кезеңге қажетті жемшөп қорын уақытылы қолға алуды тапсырды.

Кеңеске қаржы институттарының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық бөлімшелері басшылары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Айта кетейік, бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен арнайы кеңес өтіп, онда 2026 жылғы қаңтар–шілде айлары бойынша агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.