18:18, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері жеңілдікті несиелер мен гранттарға құжаттар әзірлеуде
ШЫМКЕНТ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері жеңілдікті несиелер мен гранттар алуға құжаттар әзірлеуде.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жоғары оқу орнының ректоры Уәлихан Бишімбаев айтты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 18 336 адам оқиды. Олардың 41 пайызы мемлекеттік және облыс әкімі гранттарымен, сондай-ақ оқу орнының ішкі гранттарымен оқуда. Қалғандары оқығаны үшін ақша төлейді. Орта есеппен алғанда университеттегі білім беру қызметі құны 180 мың теңгені құрайды. Соңғы сессияның нәтижелері бойынша күндізге бөлім студенттерінің 74 пайызы «жақсы» және «өте жақсы» деген бағаларға ілікті. Енді олардың 9 пайызбен 20 жылға жеңілдікті несие алуға құқы бар.
«Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің отырысында партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Мемлекет басшысының студенттер үшін 40 мың қосымша гранттар мен жеңілдікті несиелер беру жөніндегі Үкіметке тапсырмасы жастардың үлкен серпілісін туғызды. Өйткені бүкіл әлем қаржы дағдарысын бастан кешіп жатқанда мемлекет білімге құштар жастарға зор көңіл бөліп отыр», - деді У.Бишімбаев.Несиелер техникалық және медициналық мамандықтар бойынша оқып жатқан барлық курстардың студенттеріне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы берілмек. Бұл бағдарламаға 20 жыл мерзімге несиелеу үшін 15 млрд. теңге бөлінді. Несиелер 9 пайыздық мөлшерлемелермен беріледі және оны оқу аяқталғаннан кейін төлейтін болады.