Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көліктердің жүргізушілері жол ережелерін сақтамайды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық Жергілікті полиция қызметінің өкілдері «Автобус» жедел-алдын алу шарасын өткізіп, бір тәулікте қоғамдық көлік жүргізушілермен орын алған 158 әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қоғамдық көліктерді тексеру барысында жүргізушілердің көлік құралдарын басқару кезінде ұялы телефон немесе басқа да байланыс құралдарын пайдалану, жылдамдықты арттыру сияқты жол ережелерін сақтамағаны анықталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерді өткізбей, құжаттарын талапқа сай рәсімдемеген болып шықты. Бәзбірінің техникалық байқау мерзімі өтіп кетсе, өзгелерінде заңсыз қайта жабдықтау, жолаушыларды және жүкті тасымалдауға рұқсат беру куәлігі болмау сияқты кемшіліктер кездескен. Одан бөлек, жолаушылар тізімі мен азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жөніндегі міндетті сақтандыру қағаздары болмай шықты. Еңбек және демалыс тәртібін сақтамаудың 9 дерегі анықталды.
Реид барысында полицейлер жол жүрісі ережелерін өрескел бұзған 3 автокөлікті ақылы айыптұраққа жеткізді.
Айта кетейік, «Автобус» жедел іс-шарасына жалпы 800-ден астам полиция қызметкері мен басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды. Оның ішінде көлік инспекциясы, мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері де бар. Тәртіп сақшылары мұнымен шектелмей, бұл шараны тағы екі күн бойы жүргізуді жоспарлап отыр.
Айнұр Ақбаева