Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Халықтар достығы үйі күрделі жөндеуден кейін ашылды
ШЫМКЕНТ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент ауылында Халықтар достығы үйі күрделі жөндеуден кейін ашылды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жұмыстар жаңа жылдық мерекелер қарсаңында аяқталды. Атап өту керек, Атакенттегі Халықтар достығы үйі аймақтағы ең байырғы және әсем ғимараттарының бірі. Ол Кеңес өкіметі кезінде «Пахтараал» совхоз-техникумының арнайы жасалған жобасы бойынша салынды. Кейін, совхоз тарап кеткеннен кейін ғимарат ұзақ уақыт бойына иесіз болып, қаңырап тұрды. Нәтижесінде, көрнекті екі қабатты сарай қараусыз қалғандықтан, апатты жағдайға дейін жетті. Арнайы комиссия оны апатты деген шешім шығарды. Күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 105 млн. теңге ал облыстық бюджеттен 37 млн. 360 мың теңге бөлінді. Жөндеуден кейін ғимарат ішінде аудандық этномәдени орталықтар орналасады.