Оңтүстік Қазақстанда ұшақ құрастырылатын болады

ШЫМКЕНТ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Оңтүстік Қазақстан облысында шағын авиация құру және Шымкентте ұшақ құрастыру өндірісін іске қосу жөніндегі жаңа жоба әзірлеп жатыр.

Оңтүстік Қазақстанда  ұшақ   құрастырылатын болады

Қазақстанның оңтүстік өңірінде шағын авиация үш бағытта: санитарлық авиация, ауыл шаруашылығы авиациясы және жолаушылар тасымалы бағыттарында құрылмақ.

«Біз ресейлік «Авиациялық технологиялар және композиттер» арнайы конструкторлық бюросы» компаниясына шықтық. Компания бізге жалпы мақсаттағы авиацияның жаңа көпмақсатты «Ту-410» (навигатор) ұшағын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта фирма Мәскеу авиациялық институтының жанында осынау жаңа ұшақты сынақтан өткізуде»,- дейді жобаның кураторы, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инновациялық даму департаментінің директоры Ғани Қарабеков.

«Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ресейлік компаниядан осы маркалы әуе техникаларын шығару жөніндегі жобаны сатып алып, Ресейден жеткізілетін құрамдас бөлшектерден Шымкентте, жергілікті әуежайдың базасында ұшақтарды құрастыруды жоспарлауда. Бұл жұмыспен корпорацияның еншілес кәсіпорны - «Оңтүстік-авиа» фирмасы айналысатын болады.