Оңтүстік Қазақстанда жаңа су электр стансасы іске қосылды

Халықты тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтитын су электр стансасының ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Ақсу-Энерго» ЖШС-нің директоры Анарбек Орман қатысты.
«Ақсу Энерго» ЖШС-нің бұл жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдау тапты. Бұл нысан жылына 2,5 МВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Жоба құны - 283 млн.теңге, кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған.
Облыста күн, жел, су энергиясының әлеуеті жоғары екенін айтқан әкім, дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жаңа энергетиканы да дамыту қажеттігін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, биыл Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан көрме техникалық жетістіктермен, жаңғырмалы энергия көздерінің молдығымен, ғылымға ұмтылудың маңыздылығымен бүкіл әлемнің назарын аударуда. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2050 жылға дейін жаңғырмалы энергия үлесін 50 пайызға дейін көбейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгін іске қосылған электр стансасы таза электр энергия өндірумен қатар, энергоресурстарды үнемдеуге бағытталған»,-деді әкім өз сөзінде.
Жалпы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, Сайрам ауданында 2 жоба іске қосылып отыр.
«Ақсу Энерго» ЖШС 2014 жылы «Күн нұрынан электр қуатын өндіретін қуаттылығы 1МВт болатын «Ақбай» электр стансасын іске қосқан болатын. Құны 300 млн.теңге болатын электр стансасы 2016 жылы 987,166 МВт энергия көзін өндірді.
Екі жоба толық қуатына шыққан кезде ауданның энергия көзіне деген сұранысының алтыдан бірін қамтамасыз ететін болады.