09:01, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстанның фермерлері «ҚазАгро» холдингінен арзан несиелер алады
ШЫМКЕНТ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Шымкентте шағын мақта шаруашылықтарының көктемде шит егу және күзде мақта теру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ететін Меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «ҚазАгро» Ұлттық холдингі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және сегіз ірі мақта компаниясы шағын тауар өндірушілеріне қолдау көрсетудегі өзара ынтымақтастық туралы келісімге отырды. Оңтүстік Қазақстанда 690 мыңға жуық шағын мақта шаруашылығы 3 гектарға жетер-жетпес жер телімдеріне ие. Банктен несие алу үшін олардың кепілге қояр мүліктері жоқ. Фермерлерге өз жер телімдеріне мақта егіп, табыс таба алулары үшін, «ҚазАгро» басшылығы шағын шаруашылықтарды несиелеудің схемасын әзірлеп отыр. «Холдинг екінші деңгейлі банктердің кепілдіктері бойынша жылдық 8 пайыз үстемемен ірі мақта компанияларына несие бөлу арқылы облыстағы көктемгі шит себу жұмыстары мен күзгі мақта терім жұмыстарын несиелегелі отыр. Ондағы банктің комиссиясы 4 пайыздан аспайтын болады. Яғни, фермерлер үшін несиенің жиынтық құны 12 пайызды құрайды»,- дейді «ҚазАгро Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Берік Бейсенғалиев. Мақта компаниялары өз мойындарына диқандарды фьючерстік негізде қаржыландыру туралы міндеттеме алып отыр. «Осы бастаманың нәтижесінде аграрлық бизнестің 60 мыңнан астам субъектісі қаржыландырылады. Бұл шара жоспарланған егістік алқаптарын, отандық өңдеуші қуаттың жүктемелерін, мақта импортының ауқымы мен еліміздің халық ең тығыз шоғырланған өңірінің ауыл тұрғындарының табыстарын сақтап қалуға мүмкіндік беретін болады», дейді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. «ҚазАгро» оңтүстікқазақстандық диқандарды несиелендіруге шамамен 7 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отыр.