Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасы бір-бірінен көз жазып қалған отбасыларды қосуды бастайды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік «Жаңалықтар» агенттігіне сілтеме жасап.
«Чхусок» корейлердің дәстүрлі астық мерекесі алдында қыркүйектің 26-сынан қазанның 1-іне дейінгі аралықта кемінде 200 отбасының туыстары қауышады деп күтілуде. Ренхап деректері бойынша 600 мыңнан астам отбасы корей жанжалының салдарынан бір-бірінен көз жазып қалған болатын.
Сеул мен Пхеньян бірінші корейаралық саммиттен кейін 2000 жылдан бастап отбасыларды қосу бойынша келіссөздер жүргізіп келеді. Келісім екіжақты қатынастардың шиеленісуіне - Корей Халық Демократиялық Республикасының ядролық бағдарламасына қарсы көзқарастағы Ли Мен Бактың президенттік лауазымға кірісуіне, сондай-ақ Солтүстік Кореяға мемлекеттік көмек көрсетудің тоқтатылуына байланысты 2007 жылдың қазанынан бастап кейінге қалдырылған болатын. Оған жауап ретінде ресми Пхеньян келіссөзден шығу туралы мәлімдеме жасады.
Бұл келісім екі ел арасындағы соңғы уақыттардағы қатынастардың жақсаруы аясында қол жеткізілді. Атап айтқанда, өткен демалыс күндері Корей Халық Демократиялық Республикасы делегациясының Оңтүстік Корея президентімен кездесуі болды. Кездесу барысында Солтүстік Корея өкілдері Ли Мен Бакқа солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ирдің жолдауын табыстады.
Ли Мен Бак Корей Халық Демократиялық Республикасын екі ел арасындағы саяси диалогты жаңғыртуға шақырды.