Оңтүстік полюске Қазақстан Туын тіккен экспедиция мүшелері Астана қаласының әкімімен кездесті
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойы құрметіне Оңтүстік полюске елдің көк байрағын тіккен отандық экспедиция мүшелері Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесті. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында экспедиция жетекшісі Нұрлан Әбдуов құрылыққа сапарлары жөнінде әңгімелеп берді. «Жасырмаймын, қауіп жоғары болды, өйткені, көру мүмкіндігі нөлге тең болды және қозғалу өте қиынға соқты», - деді ол.
Антарктида - әлемнің барлық елдері үшін ашық құрылық. Бірақ Қазақстан Антарктида туралы келісімге қол қойған мемлекеттердің қатарына енген жоқ. Дегенмен, Ресей, Беларус, Украина сынды посткеңестік елдердің ізін ала Қазақстан да Оңтүстік полюсте өзінің стансысын ашқан мемлекеттердің қатарына кіруі әбден мүмкін. Бұл жөнінде әкіммен жүздесу барысында экспедицияның тағы бір мүшесі - Орденбек Мазбаев айтып берді. Ол, қазақстандық зерттеушілер жинаған ғылыми деректер Қазақстан үшін қажетті екендігін айтты. Ал қазақстандық полярлық стансыны құру - ғылыми зерттеулермен жүйелі түрде айнылысуға мүмкіндік береді.
«Қазақстандық географиялық қоғамдастық атынан аталмыш келісімге қатысу туралы өтінім жасау күтілуде. Бүгінгі күні бұл құрылық - баршаға ортақ, ол ешкімге бекітілмеген. Бірақ, біз онда қазақстандық полярлық стансыны ашсақ деген ниеттеміз», - деп атап өтті ол.
Зерттеушілер әкіммен сондай-ақ, жер жаһанның әлі зерттелмеген өлкелерін одан әрі игеру жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде И.Тасмағамбетов, егеменді Қазақстанның Туын Оңтүстік полюсте желбіреткен экспедиция мүшелерін құттықтады. «Мұнымен әрбір ел мақтана алмайды, олардың қатарына енді Қазақстан кіретін болады. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш», - деді ол.
Қазақстандық зерттеушілерге оңтүстік полюске жетуге 8 күн кетті, қайтарына - 5 күн.