Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оңтүстік жұртшылығы «Тағзым күнінде» бабалар рухына тағзым етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ежелгі Наурызнама дәстүрінің заманауи үлгісін жаңғыртып отырған Оңтүстік Қазақстан облысында 20 наурыз - «Тағзым күні» атауымен өтті. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Оңтүстік жұртшылығы «Тағзым күнінде» бабалар рухына тағзым етті

«Дәстүрге сергек қарайтын халқымызда ежелден Наурыз мерекесі қарсаңында көпшілік болып бата жасау, дүниеден өткен ата-баба рухына Құран бағыштау секілді үрдіс бар. Мерекеге орай бүгін Шымкенттегі «Даңқ» мемориалына облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали, қала әкімдігінің басшылары және жастар ұйымдарының өкілдері гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды», - делінген баспасөз баянында.

Түркістан қаласында «Тағзым күніндегі» мерекелік шаралар Қожа Ахмет Яссауи атындағы кесене маңындағы қазақ хандары мен батырларына арналған аллеяда өтіп, жастар ұйымдарының өкілдері қазақ халқының тарихи тұлғаларын еске алу шарасын өткізген. Еске алу жиынында халқымыздың батырлары жөнінде театрландырылған көріністер қойылып, қала ардагерлері, дін өкілдері, тарихшы-ғалымдар қазақ андары мен игі жақсылары жөнінде ғибратты әңгімелер айтып, ата-баба рухына Құран бағыштады.

Бұл күн мұсылман қауымы үшін қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келгендіктен, өңірдегі барлық мешіттерде өткен жұма намазда бабалар рухына Құран бағышталды. Имамдар жамағатпен өткен уағыздарда Наурыздың ұлтты ұйыстыратын мейрамның бірі екендігі туралы насихат айтылды. Сонымен қатар осы күні «Түркістан» сарайында Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Қанат Мырзахан, Бекарыс Шойбеков, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов сынды айтыскер ақындардың қатысуымен Ұлыстың Ұлы күніне арналған республикалық Наурыз айтысы басталды.