Оңтүстіктің білікті дәрігерлері жүрек ауыстыру отасын жасауға да дайын - Мұқан Егізбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы биылғы жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді. Ана мен бала өлімі едәуір төмендеп, жүрек-қан тамырлары аурулары мен түберкулезге шалдыққандар арасында да өлім-жітім біршама азайды. Ал, халықтың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 72-ні құрады. Осы және өзге де мәселелер жөнінде «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев айтып берген болатын.

Оңтүстіктің білікті дәрігерлері жүрек ауыстыру отасын жасауға да дайын - Мұқан Егізбаев

- Мұқан Кеңесбекұлы, елімізде былтыр денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғанынан халық хабардар. Оңтүстік Қазақстан облысында аталған бағдарламаның алғашқы жылының нәтижелері қандай?

- 2016 жылы енгізілген «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бағдарламаның негізгі көрсеткіштері бойынша ана  өлімі - 50 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім - 16 пайызға, туберкулезден өлім-жітім  - 21 пайызға, нәресте өлім-жітімі 4 пайызға төмендеді. Ал, «Денсаулық» бағдарламасының негізгі индикаторы - 2020 жылға қарай халықтың өмір сүру жасының ұзақтығын 73-ке жеткізу болып белгіленген болса, былтыр бұл көрсеткіш облыста 72-ні құрады. Мұндай оң өзгерістерді республикалық ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесі деп айта аламын. Бұынмен қоса, медициналық ұйымдардың көмек көрсету деңгейінің сәйкестігін анықтап, материалдық-техникалық жабдықталуына, мамандардың білім деңгейлері мен біліктілік санаттарына талдау жүргіздік.

Біріктірілген медициналық көмек қағидатының негізінде медициналық көмек көрсетудің басты бес бағыты бойынша Жол картасы әзірленді. Бүгінде ана мен баланы қорғау,жедел миокард инфаркі, ми қан айналымының жіті бұзылуы, қатерлі ісіктер, жарақаттар бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Жол картасының орындалуы облыстық үйлестіру кеңестерінде ай сайын тыңдалып, қорытындысымен тиісті шаралар қабылданады.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде облыстың денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бағыты бастапқы медициналық-санитарлық көмек басымдығын дамыту болып отыр. Атап айтқанда ауруларды біріктіріп басқаруды ендіруге, сапалы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге және бастапқы деңгейде медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған.

- Ана мен бала өлімінің азайғаны қуантады. Дегенмен, еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда демографиялық өсімі жоғары облыста босану үйлері жеткілікті ме? Перзентханаларда қазіргі заман  талаптарына сай жағдай жасалған ба?

- Облыста бүгінде 26 босандыру үйі бар. Соның төртеуі үшінші дәрежелі перинаталды көмек көрсетеді. Алтауы екінші, 16-сы бірінші  дәрежелі перзентхана саналады. Бірақ, өзіңіз айтқандай, халықтың табиғи өсімі жоғары болғандықтан босандыру үйлері жетіңкіремейді. Сондықтан биыл Түркістан қаласында қосымша ғимарат салу жүріп жатыр. Бұдан өзге Шымкент пен Сарыағашта бір-бір перинаталды орталық салу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, біз ең алдымен босандыру мекемелерінің материлдық-техникалық базасын нығайтуды көздеп отырмыз. Жалпы, облыстағы медицина ұйымдарының заман талаптарына сай жабдықталуы 65,3 пайызды құрайды. Биыл емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуына 5,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артып отыр.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жер шарында жылына 10 миллионға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады екен.Бұл қалыппен кете берсе, 2020 жылы аурулар саны екі есеге көбейеді деген сөз. Ал, елімізде қатерлі ісікпен жылына 31-32 мың адам ауырып, 16-17 мың адам қайтыс болады. Оның 42 пайызы еңбек жасындағы адамдар. Сіз осы әлем жұртшылығын алаңдатқан аурудан болатын өлім облыста азайды дейсіз. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

- Жаңа айтып өткенімдей, облыста қатерлі ісіктен болатын өлім 16 пайызға азайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш саналады. Біз ең алдымен мамандарымыздың біліктіліктерін арттырып, кәсбилігін жетілдіруге басты назар аударып келеміз. Осы мақсатта биыл өңірімізге арнайы келген Оңтүстік Кореяның жетекші медицина ұйымдары мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Олар арнайы халықаралық мастер-класстар өткізіп, облыстың ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінен келген мамандарды оқытып, үйретуде. Дәрігерлер солармен бірге Шымкентте бұрын соңды жасалмаған оталарға қатысуда. Оңтүстік Кореяға мамандарымызды арнайы оқуға жіберетін келісімге қол жеткіздік. Мұндай жұмыстардың қолға алынғаны биыл ғана емес. Бұған дейін дәл осылай Франция, Ресей, Моңғолия мемлекеттерімен де байланыс орнатқанбыз. Соның нәтижесі болар, обыр дертін емдеуде облыстық онкологиялық диспансердің мамандары еліміздің өзге өңірлеріне барып, шеберлік-сағаттарын өткізіп жүр. Өз кезегінде білікті дәрігерлерімізден дертіне шипа іздеп, Шымкентке келетіндердің қатары көбейіп келеді.

- Өзіңіз айтқандай мұндай дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, кәсібилігін практикалық тұрғыда жетілдіру денсаулық сақтау жүйесін бір ғана саламен шектеліп жатпаған болар?...

-Ата заңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің басты байлығы -  халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ең алдымен дәрігерлердің ізденістерін арттырып, біліктілігін жоғарылату маңызды. Оңтүстікте оларды кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында медицинасы озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұру тұрақты түрде қолға алынған. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен былтырғы желтоқсан айынан бері денсаулық сақтау жүйесінің салаларында еңбек етіп жүрген 100-ден астам дәрігер Түркияға тәжірибе алмасуға барып қайтты. Олардың жол шығындарынан басқасының бәрін Түркия тарапы мойнына алды. Бұрын мұндай тәжірибе алмасулар болған емес. Ал, түбі бір туысқан елден арнайы келген мықты дәрігер, профессор Белхам Акпинар кардиохирургтарымыздың біліктіліктерін арттырып, жүрекке жасалатын күрделі оталарды іс жүзінде үйретіп жүр. Бұған дейін бұл оталар Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда ғана жасалып келген болса, облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды. Өз кезегінде әлемнің кез келген дамыған елінде жасала бермейтін күрделі оталардың барлығы да мемлекет есебінен қаржыландырылған. Тегін. Келешекте мұндай күрделі оталарды біздің дәрігерлер де жасай алатын болады. Жалпы елімізде ашық жүрекке жасалатын оталардың ең көбі оңтүстікте іске асып жатқанын айта кеткен абзал. Облыстық кардиология орталығында жылына 310 ота жасалады. Соңғы сегіз жылда 3000-нан астам ота сәтті жүзеге асқан. Тіпті Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы нда мұнша ота жасалмаған. Қазір кәсіби шыңдалған мамандарымыз жүрек ауыстыруға да дайын. 

- Ел ішінде «өкпеқұрт» ауруы атанып кеткен туберкулезді емдеуде де біршама жетістік бар екен. Дегенмен, Түркістан қаласындағы жабық мекеме саналатын арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында науқастардың жаппай түберкулезді жұқтырғаны елдің есінде. Бұдан кейін облыстағы жабық мекемелер мен оқу орындарда жаппай флюрографиялық тексерулер жүргізілгені де есте. Нәтижесін айтып беріңізші...

- Орайы келіп тұрғандай айтуымыз керек, облыста туберкулезден болатын өлім 27 пайызға азайды. Дегенмен, өзіңіз айтқан Түркістандағы оқиғадан кейін біз жоспарлы профилактикалық тексерулерден бөлек,  ең алдымен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына қарасты жабық мекемелердегі азаматтарды қайта тексердік. Екінші кезеңде облыстық білім басқармасына қарасты 14 жабық мекеме тексерілді. Үшінші кезеңде жоғары және орта оқу орындарындағы 75 мыңнан астам студентті қазан айына дейін түгел тексеруден өткізуді қолға алып отырмыз.

- Биыл көктемнен бастап облыстық тіс емханасы тәулік бойы жұмыс істеуге көшіпті. Бұл жұртты қуантып жатыр. Сонда бұған дейін облыста медицина саласында мұндай қызмет көрсету бұрын соңды болмаған ба?

- Бұл да облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан игі іс.  Бұл елімізде алғаш қолға алынған шара. Бірақ, бұл түнгі мезгілде жұмыс жасайтын тіс емханасы жоқ еді дегенді білдірмейді. Бұрын да жекеменшік ұйымдарда кезекшілік ететін тіс дәрігерлері ақылы қызметтер көрсетіп келген. Дегенмен олар облыс халқын толығымен қамти алмайды. Олардың көбі аптаның демалыс күндері жұмыс істемейді. Ал, тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен облыстық тіс емханасында мамандар демалыссыз халыққа қызмет көрсетеді. Аталған емханада күндіздің өзінде күніне 400-ден астам адам ем қабылдайды. Қазір түнгі мезгілде 4 бригада жұмыс істеп жатыр. 4 дәрігер 4 көмекшісімен және 4 санитар. Оған басқарма тарапынан барлық жағдай жасалған. Науқастарды емдеуге, оларға көмектесуге толық мүмкіншілігіміз бар. Бұрын жедел жәрдем көлігімен жеткізілген науқастарға ауруханалардағы дәрігерлер уақытша тыныштандыратын дәрі егумен шектеліп, емханаға азанда барып емделуге кеңес беріп келсе, енді таңның атуын күтпей-ақ емделуге болады. Тіпт ол үшін емханаға жедел жәрдеммен жету де міндетті емес.

- Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында халыққа қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру жүктелген. Бұл бағытта облыстың денсаулық саласында қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Облыста қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша 10 ұйым мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тізбесіне енгізілді. Оның сегізі жаңа құрылыс, енді салынады. Біреуі сенімгерлік басқаруға берілетін болса, енді біреуі жекешелендіріледі. Қазіргі таңда, мемлекеттік-жекемешелік әріптестік аясында Шымкент қаласындағы № 4, 9, 10, 11 емханаларында  және жедел жәрдем медициналық көмегін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, облыстағы емдеу мекемелері толығымен интернет жүйесіне қосылған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен оларды ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл өз кезегінде медицина саласын қағазбастылықтан арылтады. Бүгінге дейін аталған жүйеге 37 ұйым қосылды, жұмыстар жылдың аяғына дейін аяқталады.

- Денсаулық сақтау басқармасына келгеннен бері облыстағы медицина ұйымдарының сапалы қызмет көрсетуіне баса мән беріп жүрсіз. Мейіргерлерді оқыту соның айғағы болса керек...

- Дұрыс айтасыз. Біз неге ең алдымен мейіргерлердің біліктілігін арттыруды көздедік? Өйткені халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің 80 пайызы солар арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан мейіргерлер өздеріне міндеттелген қызметтің қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс. Осы мақсатта облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы орта буынды қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру және медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында тәжірибе алмасу семинарларын өткізіп тұру өте маңызды.

- Елбасы Жолдауында айтылғандай, елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы заң келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қалай?

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларындағы өзгерістер мен толықтыруларды халық арасында кеңінен насихаттау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ІІІ-кезеңі басталды. Аймақтық штаб спикерлерінің санат бойынша халықпен кездесуінің кесте-жоспары бекітілді. Бүгінге дейін облыста 641 кездесу өткізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында 145 мың дана ақпараттық материал таратылды. Аудан, қала әкімдіктерімен, медицина ұйымдарының қатысуымен 543 бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Облыстағы әр медициналық ұйымдарда ақпараттық дүңгіршек орнатылып, оқытылған 5 менеджер маман ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ақпараттық-танымдық материалдарды таратуда. Сонымен қатар, осы жылдың 5 сәуірінен 30 маусымына дейін әр азамат өзінің жергілікті емханасына қайта тіркелуде. «Емханаға тіркел де - әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен тұрғындарды емханаға тіркеудің науқанын өткізу бойынша емханаға тіркелгендердің саны - 2 240 774 адамды құрайды. Барлығы 1 млн. 377 мыңға жуық халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда облыс халқының 82,5 пайызы қамтылды.

-      Әңгімеңізге рақмет.