Оңтүстік Африка билігі заңсыз миграцияны ауыздықтаудың бес тармақты жоспарын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса заңсыз көші-қонға күрес жоспарын ұсынып, халыққа үндеу тастады, деп хабарлайды ВВС.
Бұл мәлімдеме иммигранттарға қарсы көңіл-күйдің артуы, наразылық шерулерінің өтуі және елде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі аясында жасалды.
Негізгі шараларға заңсыз мигранттарды жалдайтын жұмыс берушілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту, депортацияны жеделдету үшін мамандандырылған соттарды құру, сондай-ақ жеке мәліметтерді ұрлаумен күресу үшін барлық тұрғындардың биометриялық тізілімін жасау кіреді. Бұдан басқа, шекаралық бақылауды күшейту, иммиграциялық жүйедегі сыбайлас жемқорлықпен күресу және иммиграциялық заңдардағы олқылықтарды жою жоспарланып отыр.
Рамафоса сонымен қатар азаматтарды сотсыз жазалаудан абай болуды ескертті.
– Заңды бұзудың алдын алуға тек уәкілетті мемлекеттік органдар ғана құқылы. Көшедегі адамдарды тоқтатып, азаматтығын растайтын құжаттарды талап етуге басқа ешкімнің құқығы жоқ, - деді ОАР президенті.
Кейінгі апталарда елдегі шиеленіс күшейіп келеді: иммигранттарға қарсы топтар заңсыз мигранттардың ОАР-дан 30 маусымға дейін кетуін талап етті. Батыс Кейп провинциясында жүздеген мигрант қорқыту толқыны және Мозамбиктің екі азаматының өлімінен кейін үйлерінен қашуға мәжбүр болды. Бірнеше африкалық ел өз азаматтарын елден эвакуациялай бастады.
Ресми деректерге сәйкес, ОАР-да үш миллионнан астам шетелдік азамат тұрады - бұл халықтың шамамен 5%-ы, алайда заңсыз иммигранттарды қосқанда нақты саны айтарлықтай көп. Өткен жылы шекара қызметкерлері елге заңсыз кіруге тырысқан 450 мыңнан астам адамды ұстады.
Оңтүстік Африкада жұмыссыздық деңгейі шамамен 33%-ды құрайды – бұл негізінен жастарға әсер етіп отырған әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, Рамафоса заңсыз көші-қон мемлекеттік қызметтерге қосымша күш түсіріп жатқанын мойындап, жаңа шараларды түсіндіру үшін көршілес Африка елдеріне арнайы өкілдер жіберуге уәде берді.
Осыған дейін Оңтүстік Африканың ұлттық паркінде жоғалып кеткен екі туристің денесі табылғанын жаздық.