Оңтүстік Африканың ұлттық паркінде жоғалып кеткен екі туристің денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Африка ұлттық парктер басқармасы таратқан мәлімдемеде екі туристің мәйіті елдің солтүстік-шығысындағы Крюгер ұлттық паркінің Пафури аймағынан табылған, деп хабарлайды Анадолы.
Мәлімдемеде іздестіру жұмыстары 21 мамыр, бейсенбі күні кешке лагерь қызметкерлері туристердің қайта оралмағанын байқағаннан кейін басталғаны айтылған.
Іздеу жұмыстары 22 мамыр, жұма күні де жалғасқан. Бүгін екі туристің денесін өзге саяхатшылар өзен маңынан тапқаны хабарланды.
SANPARKS ұйымының баспасөз хатшысы Дж. П. Лаув қаза тапқан туристердің Оңтүстік Африка азаматтары болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, туристер мінген көлік оқиға орнынан табылмаған. Қазір полиция мен парк қызметкерлері оқиғаны тергеу үшін бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Крюгер ұлттық паркі тарихындағы алғашқы оқиға
Оңтүстік Африканың орман шаруашылығы, балық шаруашылығы және қоршаған орта министрі Уилли Аукамп бұл жағдайдың Крюгер ұлттық паркі тарихындағы алғашқы оқиға екенін мәлімдеді. Қаза тапқан туристердің туыстарына хабар берілген. Оңтүстік Африка ұлттық парктер басқармасы отбасыларға Лимпопоға жету, тұру және мәйіттерді тасымалдау шығындарын өтеуге көмек көрсетеді.
Қаза тапқандардың отбасыларына құрмет білдіру және тергеу жұмыстарына кедергі келтірмеу мақсатында әзірге басқа мәлімдеме жасалмайды.
Крюгер ұлттық паркінің Пафури бөлігі парктың ең солтүстік аймағында, Лувуву өзені мен Лимпопо өзені түйіскен жерде, Мозамбик пен Зимбабве шекарасына жақын орналасқан.
Айта кетейік, Үндістанның Карнатака штатында сафари-паркте піл турист әйелді таптап өлтірді.