Оңтүстік аймақтарда алдағы вегетация кезеңінде су тапшы болады – Үкімет дабыл қақты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ең алдымен күн тәртібінен тыс мәселе - еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету жайы қаралды.

су, канал, суғару
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

— Отырыстың күн тәртібінен тыс алдағы вегетация кезеңінде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесін тыңдаймыз. Өткен аптада Қанат Алдабергенұлы (Премьер-министрдің орынбасары Бозымбаев) және Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрлерімен бірге оңтүстік аймақтарға барып, жергілікті халықпен бірнеше кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме берген болатын, - деді отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов.

Негізі мәселе бойынша сөз алған Қанат Бозымбаев 4-5 желтоқсан аралығында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында Су ресурстары министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы ұйымдары және шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңестер өткізілгенін атап өтті.

— Үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды. Шардара су қоймасына су келуі 43 пайызға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41 пайызды құрайды. Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар, - деді ол.

Вице-премьер бірқатар облыста 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмағанын атап өтті.

— Дегенмен, суды үнемдеу бойынша оң динамика сақталуда: су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаң 543,5 мың гектардан асты, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. Мемлекеттік қолдау айтарлықтай күшейтілді. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте 228,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 214,6 млрд теңге — инвестициялық субсидиялар, - деді Қанат Бозымбаев.

Бұған дейін су тасқыны кезеңіне дайындық аясында елімізде 69 гидротехникалық нысан жөнделіп жатқанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар