Оңтүстік аймақтың энергетикалық әлеуетін арттыру жолдары қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесті.

Оңтүстік аймақтың энергетикалық әлеуетін арттыру жолдары қарастырылды
Фото: KEGOC

Кездесу барысында Бақытхан Медеғалиұлы өңір басшысын Оңтүстік аймақтағы электр энергетикасын дамытуға бағытталған компанияның басты жоспарларымен таныстырды.

Сондай-ақ, Бақытхан Жазықбаев Жамбыл облысы әкімінің орынбасары және аудандық әкімдердің қатысумен өткен жер мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.

Қазіргі уақытта KEGOC «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін салу» ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында жоғары кернеулі желілердің өту мәселелері, сондай-ақ оны іске асырудың өзге де техникалық аспектілері қарастырылды. Осы орайда аудандық әкімдерге аталмыш жобаның республикалық және экономикалық маңыздылығы туралы жергілікті тұрғындарға және жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

электр энергетикасы
Фото: KEGOC

Ірі инвестициялық жоба — Оңтүстік өңірдің және жалпы еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және электрмен жабдықтау сенімділігін күшейтуге мүмкіндік беретін болады.

Жоба аясында Жамбыл электр желілерін нығайту, сондай-ақ ұзындығы 475 км болатын 500 кВ «Шу–Жамбыл–Шымкент» әуе желісін салу, қосалқы станцияларды кеңейту және 220 кВ желілерін жаңарту көзделіп отыр.

Жиын соңында Бақытхан Медеғалиұлы мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар