Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры тағайындалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының Басқарма төрағасы — ректорын сайлау (тағайындау) жөніндегі республикалық комиссияның № 2 хаттамасына сәйкес, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры болып заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Балабиев тағайындалды.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры тағайындалды
Фото: Parlam.kz

Қайрат Балабиев 1965 жылы Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан Ашық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолында прокуратура, әділет органдары, жоғары білім беру жүйесі және мемлекеттік қызмет салаларында жауапты лауазымдарды атқарған.

Әр жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында, Шымкент қаласы мен өңірлік прокуратураларда, Әділет басқармасында қызмет атқарып, Оңтүстік Қазақстан заң институтының ректоры болды.

Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысып, жоғары оқу орындарында профессор ретінде еңбек еткен. 2016-2021 жылдары Түркістан облыстық мәслихатының VI шақырылымының хатшысы, 2021 жылдан VII шақырылымының хатшысы қызметтерін атқарды. Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Қайрат Балабиев — әкімшілік құқық және мемлекеттік қызмет саласындағы ғылыми еңбектердің авторы. Оның «Қазақстан Республикасының әкімшілік-іс жүргізу құқығы: жағдайы мен мәселелері» және «Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтің әкімшілік-құқықтық реттелуі: қалыптасуы және даму перспективалары» атты монографиялары ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, мерейтойлық медальдармен және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағының иегері, Түркістан облысының, Шымкент және Кентау қалаларының, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.

Бұған дейін Қазақстан темір жолы компаниясының басқарма төрағасы тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.