Оңтүстік Корея инвестициялық баспанасы бар азаматтарға талапты күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён бірнеше жылжымайтын мүлкі бар адамдар нарықтағы баға тұрақтанған жағдайда өз инвестициялары үшін жауапкершілік пен тәуекелді өздері көтеруі тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды.
Президент әлеуметтік желідегі X парақшасында баспана бағасының өсуіне қатысты болжамды меңзеп, мақалаға сілтеме жасай отырып, әсіресе астана маңындағы тұрғын үй нарығын тұрақтандыруға ниетті екенін растады.
Оның айтуынша, халық тұрғын үй нарығының, әсіресе астана аймағындағы пәтер нарығының, қалыпты жағдайда емес екенін түсінеді және оны реттеуге бағытталған шараларды қолдайды.
Президент үкіметтің нарықты тұрақтандыруға арналған құралдары бар екенін атап өтті. Олар:
-
заңнамалық реттеу,
-
салық саясаты,
-
қаржылық шаралар,
-
тұрғын үй ұсынысын арттыру.
Басты мәселе — биліктің осы құралдарды қолдануға ерік-жігері мен батылдығының болуы.
Ли Чжэ Мён азаматтардың бірнеше үй иеленуіне немесе инвестициялық мақсатта жылжымайтын мүлік сатып алуына құқығы бар екенін айтты. Алайда нарықтағы баға қалыпқа келген жағдайда олар инвестицияға байланысты тәуекелдер мен жауапкершіліктен қаша алмайтынын ескертті.
Сондай-ақ президент бірнеше жылжымайтын мүлігі бар азаматтарды мамыр айында аяқталатын капитал өсіміне салынатын салық бойынша жеңілдік мерзімі біткенге дейін артық үйлерін сатуға шақырды.
Бұдан бөлек, ол министрлер кабинетін мұндай меншік иелері үшін несие мерзімін ұзарту және қайта қаржыландыру шарттарын қайта қарастыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті өмір бойы бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.