Оңтүстік Корея мен Франция Ормуз бұғазындағы бақылауды күшейтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Корея мен Франция Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді азайту бағытында бірлескен шаралар қабылдауға кірісті, деп хабарлайды Yonhap.
Екі ел президенттері Ли Чжэ Мён мен Эммануэль Макрон Сеулде теңіз бағыттарындағы іс-қимылды үйлестіру, мұнай мен газ жеткізілімдерінің тұрақтылығы, сондай-ақ энергетика, атом және жел энергетикасы, жоғары технологиялар мен халықаралық сауда салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Бұл – Макронның 2017 жылы қызметіне кіріскеннен бергі Оңтүстік Кореяға алғашқы сапары және соңғы 11 жылдағы Франция президентінің елге жасаған алғашқы ресми сапары. Сапар екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Тараптар Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету және жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен әлемдік экономика үшін тәуекелдерді төмендету мақсатында күш-жігерді үйлестіруге келісті.
Мемлекет басшылары аймақтағы шиеленісті бәсеңдету және энергия ресурстарын жеткізу тізбегіндегі іркілістерге жол бермеу үшін халықаралық қауымдастықпен бірлесе әрекет етуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ тұрақсыз геосаяси ахуал жағдайында туындайтын сын-қатерлерге бірлескен жауап шараларын әзірлеудің маңыздылығы аталды.
Қауіпсіздік мәселелерімен қатар, тараптар энергетика саласындағы, оның ішінде атом энергетикасы мен офшорлық жел энергетикасы жобалары бойынша, сондай-ақ жоғары технологиялық салаларда – жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, кванттық технологиялар және ғарыш индустриясы бағыттарында ынтымақтастықты кеңейту ниетін растады.
Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Көшбасшылар 2030 жылға қарай өзара сауда айналымын 20 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатында сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтуға уағдаласты.
Сондай-ақ маңызды минералдарды жеткізу тізбегі бойынша ынтымақтастық және бірлескен энергетикалық жобаларды іске асыру жөніндегі келісімдерді қоса алғанда, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Еске сала кетейік, халықаралық саммитте 40-тан астам мемлекет Ормуз бұғазындағы бағыттарды тікелей әскери шиеленіссіз қалпына келтіру мүмкіндігін талқылады.