Оңтүстік Корея президенті неліктен нар тәуекелге барды
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяда президент Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізілетіндігін жария еткен 3 желтоқсандағы оқиға қауғаға тиген өрттей өте жылдам өршіді. Алайда, парламентте оны болдырмау үшін дауыс бергеннен кейін ұзаққа созылған жоқ. Бұл бір жағынан елдегі демократиялық институттардың күшін білдірсе, екінші жағынан олардың салыстырмалы түрде әлсіздігін айғақтайды. Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы осы елде орын алған жайттың себептерін анықтап көруге тырысты.

Оңтүстіккорейлік демократия
Қалай болғанда да, Оңтүстік Кореяның 1948 жылдан бергі әскери диктаторлар, төңкерістер, көтерілістер, жаппай қуғын-сүргіндер, тіпті 1979 жылы президент Пак Чон Хидің жергілікті Орталық барлау қызметі басшысы қолынан мерт болуы орын алған аумалы-төкпелі тарихының аясында бұл күн салыстырмалы түрде тыныш өтті.
Осы оқиғадағы ең таңғаларлық жайт, «Тобуро» демократиялық партиясының және басқа да бірқатар депутаттың өздерін парламентке кіруіне жол бермеуі тиісті әскери қызметшілерді орағытып, ғимаратқа енуі болды. Олардың кейбірі қоршаудан секіріп өтсе, енді бірлеулері ғимараттың қосалқы кіреберісі арқылы кірген. Парламентте 300 депутаттың басым бөлігі - 190-ы жиналғаннан кейін олар соғыс жағдайын енгізу туралы шешімнің күшін жоюға дауыс берді.
Осыдан кейін әскерилер казармаларына оралса, ал президент Юн Сок Ёль өз шешімінің күшін жойды. Ендігі мәселе, ол өз еркімен отставкаға өтініш береді немесе оған сенімсіздік жарияланады. Содан кейін оны соттау мүмкіндігі жоғары. Жалпы, Оңтүстік Кореяда бұрығы президенттерді салыстырмалы түрде айтқанда өте жиі соттайды. Әскери диктаторлар Чон Ду Хван мен Ро Дэ У-ды және басқа да азаматтық президенттерді еске алсақ жеткілікті. Айталық, Чон Ду Хван 1979 жылғы әскери төңкеріске қатысқаны және Кванджу қаласындағы шерушілерге оқ атқаны үшін алдымен өлім жазасына кесіп, кейін оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Бірақ, кейіннен рақымшылық жасады. Ро Дэ У-ды да 22 жылға түрмеге қамағанымен артынан кешірім жасады.

Бұрынғы президент Но Му Хен 2008 жылы туған ағасының жемқорлық ісіне қатысты куәгер болды және өз-өзіне қол жұмсап өмірден озды. 2018 жылы бұрынғы президент Ли Мен Бакты жемқорлық ісіне айыптап, 15 жылға соттады. Бұл орайда жемқорлық іс оның ағасымен байланысты болған еді. Сол жылы 1979 жылы кісі қолынан қаза тапқан Пак Чон Хидың қызы бұрынғы президент Пак Кын Хе жемқорлығы және мемлекеттік құпияны жария еткені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, корей демократиясы өте қатал, дегенмен жергілікті әскери диктатуралар да сондай қатал. Оңтүстік Кореяның ең бірінші президенті Ли Сын Ман да өте қатал саясаткер болғанымен 1960 жылғы көтеріліс кезінде тақтан тайдырылды. Осы қиын-қыстау замандар жадында жатталып қалған оңтүстіккорейліктер өте шыдамсыз болып келеді, ал саяси өмірлері өте қарбалас.
Қақтығыстың мәні неде
Шын мәнінде президент Юн Сок Ёлдың өзі де Оңтүстік Кореядағы аласапыран саяси өмірдің жемісі. Ол бұрын бас прокурор болған және жемқорлықпен күресу арқылы атын шығарған. Біршама жабық қоғамда жоғары лауазымды шенеуніктерді де, ірі бизнесмендерді де жауапқа тартатын мұндай прокурор, әдетте, бәрі қорқатын өте жабық, тіпті жұмбақ тұлға.
Дегенмен, оңтүстікорейлік демократяи жағдайында бас прокурор жария тұлға болуы тиіс еді. Түптеп келгенде ол үлкен саясатқа араласады. Мәселен, 2020 жлы түрлі партиялардың саясаткерлерінің қатысуымен Сайлау туралы заңның бұзылуына, сонымен қатар Ульсан қаласының мэрін сайлау кезіндегі бұрмалаушылыққа байланысты тергеу жүргізілді. 2020 жылдың қарашасында Юн Сок Ёл лауазымынан шеттетілді. Ол оған наразылық танытып, лауазымынан шеттету тоқтатылды.

Жалпы, ол 2021 жылдың наурызына дейін арпалысып, ақыр соңында өзі отставкаға өтініш берді. Демек, Юн Сок Ёл өте мазасыз адам, мұны оның мінезінің кейбір ерекшеліктерімен де түсіндіруге болар. Қалай дегенде де мұндай жағдайда жұмыс істеу жүйкеге салмақ түсірері сөзсіз.
2022 жылы ол консервативті «Халық күші» партиясының қатарына қосылды. Қоғамда танымал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескердің сайлауалды әлеуеті жақсы болғаны анық. Дегенмен, ол саясат пен экономика мәселелерінде аса сауатты болған емес. Бұл оның 2022 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жетуіне де кедергі бола алмады.
Алайда, 2024 жылдың сәуірінде өткен парламенттік сайлауда оппозициялық «Тобуро» демократиялық партиясы жеңіске жетіп, 170 мандатқа ие болды. Нәтижесінде парламент пен президент арасында қайшылықтар туындады. «Тобуро» партиясы президент тағайындаған адамдарды – қорғаныс және ішкі істер министрлерін, прокурорларды, барлығы 22 шенеунікті жұмыстан босатуға тырысты.
Бұған қоса, Юн Сок Ёльдің өз партиясы – «Халық күшімен» арада қарама-қайшылықтар пайда болды. Партия өз жеңілісін президент жүргізіп отырған саясат аясында қарастырғаны анық. 2024 жылдың қазанында «Халық күші» партиясының төрағасы Хан Дон Хун президентті оның әйелімен байланысты сыйбайлас жемқорлық дауға және 2024 жылдың сәуірдегі сайлауға араласқаны үшін жария түрде кешірім сұрауға шақырды. Міне осындай аумалы-төкпелі жағдайлардан кейін Юн Сок Ёльдің жүйкесі сыр беруі әбден мүмкін. Сондықтан бұған дейін құқық қорғау органдарының өкілі болған, сондай-ақ Оңтүстік Корея саясаткерлеріне тән жариялылығы бар ол нар тәуекелге барған сияқты.
Мұның үстіне ол парламентті өте қатал мінеді де айыптағаннан ары бара алмады. Оның айтуынша, «ұлттық жиналыс қылмыстық топтардың ұясына айналып, заң шығарушы диктатура арқылы елдің сот-әкімшілік жүйесін салдандырып, либералдық демократия жүйесін құлатуға тырысуда». Ол сондай-ақ қауіп Солтүстік Кореядан және «жергілікті мемлекетке қарсы элементтерден» келгенін мәлімдеді.
Мүмкін Юн Сок Ёл әскери және оңшыл консервативті күштердің қолдауына сенімді болған шығар. Бірақ Оңтүстік Кореяның қазіргі жағдайында әлі де болса әскери төңкеріс заманына оралуды күтуге болмайды. Әрине, теориялық тұрғыдан бәрі болуы мүмкін. Алайда, жергілікті құқық қорғау органдары 1979 жылғы рухта күш қолдануға дайын емес. Сондықтан да депутаттар парламентке салыстырмалы түрде еркін кіріп, дауыс берді. 1960-1980 жылдары олар депутаттарға мұндай жасауға жол бермек еді.
Өткенге оралу мүмкін емес
Уақыт өзгеріп жатыр. Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяны өткенге оралдырғысы келді. Қалай дегенде де, бұл елде 1979 жылдан бері әскери жағдай жария етілмеген болатын. Бірақ соңында бұл Гегельдің «тарих екі рет қайталанады, бірінші рет трагедия түрінде, екінші рет ерсі әзіл түрінде» деген классикалық тұжырымындағыдай ерсі әзіл сияқты болып қалды.

Егер Демократиялық партия солшыл-либералдық көзқарастарды ұстанатын болса да және Солтүстік Кореяға тым сыни қарамаса да, бұл Оңтүстік Кореяда 1940 жылдардың соңындағы Ли Сын Ман кезіндегідей шартты түрдегі «қызылдар» мен «ақтардың» арасындағы жанжалды туындатуы мүмкін дегенді білдірмейді. Ли Сын Ман заманындағы жанжалда ондаған мың адам мерт болған еді.