Оңтүстік Кореядағы заңды жұмысқа ел азаматтары қашан бара алады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореядағы заңды жұмысын қамтамасыз ету процесін түсіндірді.
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында EPS жүйесін енгізу қашан аяқталатыны сұралды.
- Аталған елдің Үкіметімен келіссөздер (EPS жүйесіне енгізудің үш кезеңі бар) жалғасып жатыр. Бірінші кезеңінен өткен едік. Ал екінші кезеңді еңсеру осы жаздың аяғына дейін жоспарланды. Бұл мәселелер Оңтүстік Кореяның жауапты министрлігінің қарауында жатыр. Бұл ретте Алматы қаласында EPS орталығын ашуға тиісті ғимаратты бекітуге қатысты сұрау алды. Бір ғимаратты оларға ұсындық. Егер осы нысанға келісімін берсе, үшінші кезеңге өтеміз. Барлығы келісімнен өтсе, бұл тақырып Оңтүстік Корея Премьер-министр деңгейінде қаралады, - деді А.Ертаев.
Оның айтуынша, аталған келісімді бекіту тек Қазақстанға байланысты емес. Бұл бағыттағы құжаттар уақытылы тапсырылған.
- Құжаттарды қарап болса, құжатқа қол қоюға кірісеміз, - деді министр.
Еске салсақ, біраз жылдан бері Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтары заңсыз жүргені жайында айтылып келеді. Еңбек министрлігінің басшылығы Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты іс-шаралар 2024 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтқан еді. Одан бері бір жылдан астам уақыт өтті.
Айта кетейік, EPS жүйесі (Employment Permit System) өз жұмысын 2004 жылдың 1 тамызында бастады және қазірге дейін бұл жүйе бойынша 20-ға жуық елдің азаматы Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады.
Бұл жүйедегі жұмыс қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық аулау салаларында ұсынылады. EPS жүйесі шетелдікке Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмысшылармен келісімшарт ұзартылуы мүмкін.
Бұл азаматтарға осы елде 4 жыл 10 айға дейін тұруға мүмкіндік береді. EPS жүйесіне қатысу үшін Корея жағы EPS дайындық орталықтарына баруды талап етеді. Бұл орталықтарда Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетіндер тіл үйрену курстарынан, көші-қон және медициналық мәселелерге қатысты тестілеуден өтеді.