Оңтүстік Кореяда жол апатынан Қазақстанның 4 азаматы мерт болды – шетелдік БАҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Сохэан автомагистралінде Қазақстанның 4 азаматы мінген көлік жардан құлап, салонда болған барлығы мерт болды. Бұл жайында Korea JoongAng Daily басылымы хабарлайды.

 Оңтүстік Кореядағы жол апатында Қазақстанның 4 азаматы мерт болды
Фото: GYEONGGI FIRE SERVICES

Оңтүстіккорейлік басылымның жазуынша, 4 адам отырған Mercedes-Benz көлігі жергілікті уақыт бойынша шамамен 00:30-да Кенгидо өлкесінің Хвасон қаласында жолдың оң жақ бетіндегі қоршауға соғылған. Содан кейін көлік бірнеше метр төмен құлап, өртенген.

Жол-көлік оқиғасы туралы хабар алысымен өрт сөндірушілер сол жерге шұғыл аттанған. Олар апаттан кейінгі 30 минуттың ішінде өртті сөндірген. Қираған көліктен 4 адамның мәйіті табылған.

Мерт болғандардың аты-жөні әзірге белгісіз. Полиция апаттың нақты неден болғанын анықтап жатыр.

Kazinform редакциясы еліміздің Сыртқы істер министрлігінен осы оқиғаға байланысты мәлімет сұратты.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда үш өңірдегі орман өртіне байланысты төтенше жағдай енгізілгені туралы хабарладық.

Соңғы жаңалықтар