Оңтүстік Кореяның президенті міндетін атқарушы Хан Док Су отставкаға кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Жергілікті уақыт бойынша 1 мамыр күні түстен кейін, Оңтүстік Кореяның Премьер-министрі әрі Президент міндетін атқарушы Хан Док Су халыққа арнаған үндеуінде отставкаға кеткенін жариялады. Бұл туралы The Paper ақпараттық порталы хабарлады.

Белгілі болғандай, Хан Док Су тез аяқталған шағын рәсімінен кейін Үкімет ғимаратынан кеткен. Ол Оңтүстік Кореяның кезекті президент сайлауына қатысатынын алдағы күндері ресми түрде мәлімдемек.
Бүгін, сондай-ақ, елдегі төрт ірі әлеуметтік зерттеу институты бірлесіп жүргізген сауалнаманың нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, президенттік сайлаудағы басты үміткерлердің ішінде Біріккен демократиялық партия ұсынған Ли Чжэ Мен 42% қолдауға ие болып, көш бастап тұр. Хан Док Су 13% көрсеткішпен екінші орынға жайғасты. «Халық күші» партиясы атынан сайлауға түсуге ниетті Хан Дон Хун мен Ким Мун Су сәйкесінше 9% және 6% қолдауға ие болған.
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылардың 2%-ы Жаңа реформа партиясынан Ли Чжун Сокті қолдаған.
Бұған дейін Оңтүстік Корея прокуратурасының елдің бұрынғы президенті Мун Чжэ Инді пара алды деген айыппен сотқа бергенін жазған едік.