Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты Samsung басшысын толық ақтады
Бейсенбі күні Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты Samsung Electronics компаниясының төрағасы Ли Чже Ёнды ақтау туралы үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Yonhap.

Бұл шешім Ли Чже Ёнға 2015 жылы екі компания – Cheil Industries Inc. пен Samsung C&T Corp. арасындағы даулы бірігуге байланысты акция бағасын қолдан өзгерту, сенімді теріс пайдалану және бухгалтерлік алаяқтық бойынша айып тағылғаннан төрт жыл он ай өткен соң қабылданды.
Аталған бірігу Лидің компания басшылығын мұрагерлікке алудағы маңызды қадам ретінде бағаланған. Өйткені оның әкесі, Samsung компаниясының бұрынғы басшысы Ли Гон Хи, 2014 жылы инфаркт алған.
Ли Чже Ён бірінші сотта тағылған 19 айыптың, ал кейінгі сотта қосылған айыптармен бірге барлығы 23 айыптың бәрінен толықтай ақталды.
Жоғарғы сот прокуратураның апелляциясын қанағаттандырмай, алғашқы сот шешімінде ешқандай қате болмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, сот ісіне тартылған тағы 13 адам мен ұйым да толық ақталды.
Лидің адвокаты сотқа «дана шешім шығарғаны үшін» алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея экс-президентін тұтқындау заңдылығы туралы тыңдау осы аптада өтеді.