Оңтүстіктен таулы Алтайға: жаңа тұрмыс пен климатқа бет алған шымкенттіктерді Шығыс өңірі қабылдауға дайын ба

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Түтіні сиреп, жұрты азайған Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдар жойылып кетпес үшін Оңтүстік өңірлердің халқы шақырылып жатыр. Көшіп келгендер негізінен Катонқарағай мен Алтай аудандарын таңдайды. Оларға қандай жағдай жасалған? Шымкенттіктер Шығыстың азынаған аязына шыдас бере ала ма? Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

в
Фото: Алтай ауданы әкімдігі

Әр адамға 302 мың теңгеден беріледі

Оңтүстіктен Шығыс Қазақстанға көшіп келген әр қоныс аударушыға ай сайынғы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Сонымен қатар жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, 7 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға сертификат беріледі. Біржолғы төлем әр отбасыға 70 АЕК мөлшерінде қарастырылған. Яғни, бір адамға 302 мың 750 теңге беріледі. Олардың тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығыны да өтеледі. Шығыс Қазақстанға баруға буынып-түйініп отырған шымкенттіктердің бірі бөлігі Алтай ауданын таңдаса, басқалары Катонқарағайды жөн санаған.

– Шығысқа көшуге болатынын қалаға келген делегациядан және әлеуметтік желі арқылы білдік. Делегациядағы кісілермен кездесіп, түрлі сауалымызға жауап алдық. Енді барып көреміз деп отырмыз. Ұнап жатса, қалуға тырысамыз. Бала-шағамен де ақылдастық. Олардың ойы бізбен үндес. Балаларымның үлкені 21-де, одан кейінгісі 18-де. Екеуі де фельдшер, – деді Самат Тұрымбетов.

в
Фото: Алтай ауданы әкімдігі

Әкімдік тұрғындарды қабылдауға дайын ба?

Шығыс Қазақстанға көшуді жоспарлағандардың бірі Катонқарағай ауданына қоныс аударуға ниетті екенін айтты. Ал ол жақ қарсы алуға дайын ба? Көбі баспана мәселесі ойдағыдай шешілсе, әрі қарай аяқтан тұрып кету қиынға соқпайтынын алға тартқан. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Әли Шапеновтың айтуынша, мамырдың 13-і күні он адам келіп, төңірекпен танысып кеткен.

– Оңтүстіктен қоныс аудару бағдарламасына сәйкес отбасындағы бір адамды жұмысқа орналастыруға міндеттіміз. Үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгенің сертификаты беріледі. Мәселен, үй бағасы 10 млн теңге болса, қалған 3 млн теңгені сатып алушы өзі төлейді. Былтыр 68 адам көшіп келген еді, биыл 70-тен астам тұрғын келеді деп жоспарланған. Жыл басталғалы 25 адам қоныстанды, – деді Әли Архатұлы.

Негізінен оңтүстік өңір тұрғындарына халқы азайып кеткен елді мекендерге баруға ұсыныс жасалады. Бірақ таңдау еркі бар. Қоныс аударушылар тұратын ауылдарын өздері таңдайды. Көбі кәсіп ашқылары келеді. Әли Шапенов өз сөзінде оңтүстік аймақтардан келетіндердің біршамасы Өрел, Берел ауылдарына және Катонқарағайдың өзіне орнығып жататынын жеткізді.

Себебі белгілі, жазда ол жақта туристер саны көбейіп, табыс табуға мүмкіндік мол. Жол бойындағы сервис дамып, бизнес қыза түседі.

Қоныс аударған соң қайта көшіп кеткендер де бар. Біріне ауа райы жақпаса, бірінің жұмысы жүрмеген. Тағы бір айта кетерлігі, Катонқарағайда үй бағасы қымбаттай бастады. Ал сатып жатқандар некен-саяқ. Керісінше бұрын көшкендер қайта келіп жатыр.

Шымкенттіктер Шығыстың аязынан хабардар

Таяуда Алтай ауданына Шымкент қаласынан делегация келіп қайтқан.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, елдімекендердің инвестициялық және еңбек әлеуетімен таныстыру мақсатында делегация мүшелеріне Октябрьск кенті, Жаңа Бұқтырма кенті, Полянский ауылдық округі және Серебрянск қаласы ұсынылды. Сапар барысында қонақтар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен, тұрғын үй қорымен, білім және медициналық мекемелермен, сондай-ақ осы елдімекендердің одан әрі даму перспективасымен танысты, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Бағдарламаға қатысушыларға бейімделу қызметтерінің бірнеше түрі ұсынылады. Әкімдік өкілдері қоныс аударушыларға жұмысқа орналасуға, тұрғын үй таңдауға, қажетті құжаттарды рәсімдеп, жаңа тұрғылықты жерінде әлеуметтік бейімделуге де көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Алтай ауданына делегация құрамында бес адамнан тұратын 4 отбасы келді. Олардың 4-еуі Шымкент қаласының, біреуі Талдықорған қаласының тұрғындары. Сапар барысында қатысушылар қоныс аудару бағдарламасы бойынша көрсетілетін тұрғын үй жағдайларына, жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шараларына қызығушылық танытты, – делінген ақпаратта.

ы
Фото: Алтай ауданы әкімдігі

Шымкент тұрғындары Шығыс Қазақстанның ең суық аудандарының біріне қыстың қатты болатынын біліп барған. Бірақ бәрі көңілден шықса, аязға қарамай тұра беруге ниетті екенін жеткізген.

Күршім ауданындағы Барақ батыр ауылына Талдықорғаннан келген Арайлым Шарапиева балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүр.

- Тобымда 15 бала бар. Өзім бес баланың анасымын. Балаларым осы ауылдағы мектепке барады. Шығысқа көшіп келгеніме өкінбеймін. Ауыл да, ұжым да жақсы қарсы алды. Ауа райына да үйреніп қалдық. Күйеуім мал шаруашылығымен айналысады, - деді ол.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023-2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысында ерікті қоныс аудару бағдарламасын іске асыру аясында өңірлік квота бойынша жалпы саны 2 206 адамды құрайтын 702 отбасы қабылданды. Оның ішінде 1 409-ы - қоныс аударушылар, 797-сі - қандастар.

- Тұрақты жұмысқа орналасқандар саны - 693 адам немесе 67%. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 313 отбасына жалпы сомасы 469,7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 2026 жылға арналған өңірлік квота жоспары 800 адам. Оның ішінде 600-і - қоныс аударушылар, 200-і – қандастар, - деп мәлім етті басқармадан.

Соның ішінде шекара маңындағы аудандарға 448 адамды орналастыру жоспарланған. Атап айтқанда:

* Риддер қаласына - 48 адам;

* Зайсан ауданына - 100;

* Катонқарағай ауданына - 73;

* Үлкен Нарын ауданына - 41;

* Марқакөл ауданына - 62;

* Тарбағатай ауданына - 73;

* Шемонаиха ауданына - 51.

P/s: Қорыта айтқанда, Шығысқа елдің жылы жағынан көшіп келіп жатқандар бар және алдағы уақытта да болады. Олардың тұрақтап қалуы немесе көшіп кетуі әр отбасының өзіне байланысты болып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанға Қытайдан қоныс аударушылар саны үш есе көбейгені хабарланған.