ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — OPEC+ қатысушылары мұнай өндіру квоталарын кезекті рет арттыру жөнінде келісімге келді. Алайда бұл шешімнің жүзеге асуы геосаяси тұрақсыздық пен жеткізу тізбегіндегі іркілістерге байланысты әзірге белгісіз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Reuters.
Дереккөздердің мәліметінше, OPEC+ маусым айында мұнай өндірудің мақсатты көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге ұлғайтуға келіскен. Түпкілікті шешім 3 мамырда өтетін алдағы отырыста қабылданады деп күтілуде.
Талқылауға жеті мемлекет қатысып жатыр: Сауд Арабиясы, ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан, Ресей және Оман. Сонымен қатар қазіргі сыртқы факторларға байланысты нақты өндіріс көлемінің өсуі шектеулі болуы мүмкін.
Дереккөздер Парсы шығанағындағы жағдай тұрақталып, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы толық қалпына келгенге дейін бұл шешім негізінен символдық сипатта қалуы ықтимал екенін айтады. Жеткізілімдердегі іркілістер мұнай нарығына қысым жасап отыр.
Бұған дейін мұнай бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге — бір баррель үшін 125 доллардан жоғары көрсеткішке дейін күрт өскені хабарланған болатын. Сарапшылар алдағы айларда авиациялық отын тапшылығы туындауы және жаһандық инфляцияның жеделдеуі мүмкін екенін ескертеді.
Ұйым деректеріне сәйкес, наурыз айында OPEC+ елдеріндегі нақты өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 35,06 миллион баррель болған. Ең ірі қысқартулар Сауд Арабиясы мен Ирак үлесіне тиесілі. Ресей де инфрақұрылымның зақымдануына байланысты өндірісті азайтқан.
Еске сала кетейік, БАӘ 2026 жылғы 1 мамырдан бастап OPEC және OPEC+ құрамынан шығу туралы шешім қабылдады.
Ел OPEC қатарына 1967 жылы Әбу-Даби әмірлігі арқылы қосылған және 1971 жылы БАӘқұрылғаннан кейін де мүшелігін сақтап келген.
Айта кетелік Қазақстан мұнай өңдеуді 39,2 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді.