OpenAI Қазақстанның білім жүйесіне жасанды интеллект енгізуге атсалысады

АСТАНА.KAZINFORM - Жасанды интеллект саласындағы халықаралық көшбасшы OpenAI компаниясы өкілдерінің Қазақстандағы сапары жалғасып жатыр. Білім беру саласына ЖИ-ді енгізу бойынша ұлттық жоба аясында OpenAI өкілдері бастаманың технологиялық серіктесі — Bilim Group командасымен кездесті.

к
Фото: Bilim Group

Келіссөздер барысында тараптар жаңа буын педагогтері мен мамандарды даярлау, оқу орындарына ЖИ негізіндегі заманауи білім беру құралдарын енгізу, сонымен қатар еліміздің білім беру мекемелерінде ЖИ-ді қолданудың озық тәжірибелерін тарату бағытында бірлесіп жұмыс атқару жолын талқылады.

е
Фото: Bilim Group

Сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттары қаралды. Қазақстандық компания ChatGPT Edu жобасының елдегі технологиялық серіктесі болып үлгерді, ал қазіргі уақытта OpenAI-дың ресми аймақтық серіктесі атану туралы мәселе талқыланып жатыр.

– Біз бірлескен жұмыстың, әсіресе, отандық білім беру платформаларына OpenAI шешімдерін кіріктірудің әлеуеті зор деп есептейміз. Бұл қадам әлемдік деңгейдегі жергілікті сервистерді әзірлеуге және ЖИ-ді білім беру саласына енгізудің халықаралық үлгісін көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстанда ЖИ саласындағы құзыреттердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруға болады. Алдағы уақытта біз OpenAI-мен білім беру бағытынан бөлек, экономиканың түрлі саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру және ЖИ құзыреттерді дамыту бойынша B2B серіктес ретінде жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, — деп атап өтті Bilim Group бас директоры Александр Савченко.

н
Фото: Bilim Group

Айта кетерлігі, Қазақстан OpenAI компаниясы ChatGPT Edu білім беру бастамасын жүзеге асыру үшін таңдап алған әлемдегі алғашқы алты елдің қатарына кірді. Жоба оқытушыларға оқу, зерттеу және білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін жасанды интеллектінің заманауи құралдарына қолжетімділік ұсынуға бағытталған.

OpenAI мәліметтері бойынша, Қазақстан жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары елдердің қатарына кіреді. ChatGPT-ді ең белсенді пайдаланушылар — 18 бен 34 жас аралығындағы жастар. Қазақстандықтар жасанды интеллектіні көбінесе ақпарат іздеу, практикалық ұсыныстар алу, мәтіндер жазу және оларды өңдеу үшін қолданады.

Жұмыс кездесулері аясында педагогтерді даярлау, жасанды интеллект бойынша сарапшылар желісін қалыптастыру, ЖИ-құралдарды енгізу, сонымен қатар OpenAI-дың заманауи технологияларын пайдалана отырып, ұлттық білім беру шешімдерін дамыту мәселелерін қарастырды.

е
Фото: Bilim Group

OpenAI өкілі Карлотта Ревильоныңайтуынша, мұндай бастамаларды сәтті енгізу халықаралық шешімдерді ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдей алатын жергілікті серіктестерсіз мүмкін емес.

– Осындай ауқымды жоба аясында жұмыс істеу — біз үшін зор мәртебе. Мақсатымыз — балабақша педагогтерінен бастап жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілеріне дейін білім беру саласындағы мамандардың ChatGPT құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл технологияларды ғылыми зерттеулерде, сабақ беруде, оқу бағдарламаларын әзірлеуде және жалпы білім беру процесінде кеңінен қолдануға болады, - дейді Карлотта Ревильо.

Сапар бағдарламасы аясында OpenAI делегациясы Қазақстанның білім беру саласының мамандарымен, жоғары оқу орны өкілдерімен кездесіп, ЖИ-ді оқу процесінде қолдану бойынша бірқатар воркшоп мен практикалық сессия өткізді.

Жасанды интеллект қазақша жаңалықтарды ым тіліне аударатынын жазған болатынбыз.