Орақ науқаны: бидайдың түсімділігі гектарына 35 центнерге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауы күні Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнына барып, егін науқанының барысымен және егін жинау қарқынымен танысты.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс сапары аясында министр барған нысандардың бірі — өсімдік шаруашылығына маманданған «СЕРВИС ЖАРС» серіктестігі.
Шаруашылыққа қарасты алқаптың жалпы көлемі 9 мың гектардан асады. Дәнді дақылдар алқабының басым бөлігін бидай құрайды. Сонымен қатар мұнда арпа мен жасымық өсіріледі. Шаруашылықта науқан жоспарға сай межелі мерзімде жоғары ұйымдастырушылықпен қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде күздік бидайдың түсімділігі гектарына 35 центнерді, жаздық бидай — 25, арпа — 28 , жасымықтың түсімділігі — 21 центнерді құрайды. Бұл заман талабына сай қолданылып отырған агротехнологиялардың жоғары тиімділігін көрсетеді.
Аталған серіктестік базасында министр егін жинау науқанына қатысып жатқан бірнеше шаруашылықтың комбайншыларымен кездесті. Айдарбек Сапаров орақ науқаны аграршылардан барынша жеделдікті, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылықты және іс-қимылдың үйлесімділігін талап ететінін атап өтті.
Сондай-ақ министр механизаторлардың кәсібилігі мен жауапкершілігін атап өтіп, егін жинау науқанын уақтылы аяқтау және өсірілген өнімді сақтау көп жағдайда олардың күнделікті еңбегіне, тәжірибесі мен жедел әрекетіне байланысты екеніне тоқталды.
Министр орақ науқанына қатысып жатқан жұмысшылар үшін лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасаудың маңыздылығына да баса көңіл бөлді.
— Орақ науқаны — аграршылар үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Оған қатысушылардың барлығының үйлесімді жұмысы нақты бір шаруашылықтың нәтижесіне ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге саланың қосатын жалпы үлесіне де әсер етеді. Сондықтан техниканы барынша тиімді пайдалану, агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтау және жұмысшыларға қажетті жағдай жасау маңызды, — деп атап өтті министр.
Осыған дейін Қазақстанда егін жинау науқаны басталғанын, қай өңірде өнімділік жоғары екенін жазғанбыз.