Орал қаласы тұсында Жайық суы төмендей бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзені суының деңгейі 2 см-ге төмендеді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов айтты.

Жайық
Фото: Kazinform

«Облыста қауіп әлі сейілген жоқ. Қауіпті аймақта облыс орталығы Орал қаласы мен Жайық бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары бар. Бұл аудандарда 84 елді мекен бар және қаланы қоспағанда 80 мыңнан астам адам тұрады. Сәуір айының басынан Жайық бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Ұзындығы 140 шақырым, биіктігі 2-4,5 метрлік бөгеттер тұрғызылуда. 1,2 млн-ға жуық құм салынған қап төселді. Бұл жұмысқа 1 388 инженерлік техника жұмылдырылған. Оның ішінде өзге өңірлерден келген 913 техника бар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

окқ
Фото: Kazinform

Оның дерегінше, 7 мыңнан астам облыс тұрғыны мен жергілік жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тасқынмен күреске жұмылдырылған. Мұнан бөлек, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұлан мен Шекара қызметінің 3,5 мыңға жуық әскери қызметшілерді де көмектесіп жатыр. 

«Облыс аумағына үлкен су 17 сәуірден бастап Январцево гидробекетіне келе бастаған болатын. Қазіргі уақытта Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзені суының деңгейі осыдан бірнеше сағат бұрын 865 см құраған еді. Бізде қауіпті деңгей - 850 см. Яғни, қауіпті деңгейден 15 см асып кеткен болатын. Қазіргі сағатта 2 см-ге төмендегені байқалады. Бірақ, Орал қаласынан төмен ораласқан Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандары бар. Сондықтан қауіп әлі сейілген жоқ. Елді мекендерді судан қорғау жұмысы жалғасып жатыр», - деді Қалияр Айтмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар