Орал қаласында бау-бақша серіктестігінде тағы да шу шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары 3 ақпан күні кешкісін айналма жолды жауып тастады.

Белгілі болғанындай, мәселе тұрғындар электр қуатына қарыздар болғандықтан, жарықты айырып тастаудан туындаған.
Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің мәлім еткеніндей, тұрғындар жауып тастаған жол полицияның көмегімен ашылды. Жарық та қосылды.
- Қазіргі таңда аталмыш бау-бақша серіктестігінің тұрғындары «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ына 71 млн теңге қарыздар болып қалған. Он күннің ішінде аталған мекеме осымен электр жарығынан екінші рет айырып отыр. Өткен жолы да қайтадан қостырған едік. Бұл күрделі мәселеге айналды, - дейді А.Әубекеров.
Оқиға орнына келген Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов мәселенің мән-жайы толық тексеріліп, анықталатынын жеткізді.
«Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің жаңадан болған төрағасы Асхат Баетов бережаққа жауапты бұрынғы басшы Асылбек Қабесов екендігін айтады.
- Мен әзірге бұған жауапты емеспін. Трансформатордың кілті, барлық құжаттары, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясымен» жасалған келісім-шарт Асылбек Қабесовтың қолында. Аталған мекемемен келісім-шартқа отырғаннан кейін жауаптымын деп айтамын. Электр жарығы үшін 71 млн теңге берешекті бұрынғы төраға өтеуі керек, - деді А.Баетов.
А.Қабесовтің сөзіне қарағанда, биылғы 25 қаңтардағы жиналыстың шешімімен А.Баетов төраға болған.
- Мен жиналыстың хаттамасын тіркеп, төрағалықтан босағаным жөнінде «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясына» арыз жазып қалдырдым. Қазіргі төрағаны апарып таныстырып, осы кісімен шарт жасау керексіздер деп түсіндірдім. Ол сайланарда қанша қарыз бар екенін білді. Қарызды бөліп төлеу жөнінде келісілген еді. Содан бері төлемдерді өзі қабылдап отыр. Сол түскен қаражатты апарып, тиісті мекемемен есептессе, бұлай болмаушы еді, - деді А.Қабесов.
Міне, 12 мыңдай адам тұратын «Зачаганский» бау-бақша серіктестігіндегі дау осылайша созылып келеді. Оның қашан шешілетіні әзірге беймәлім.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар бау-бақша серіктестігінің төрағасының қызметіне наразылық білдіргенін жазған едік.
Сондай-ақ Оралда бау-бақша серіктестігінде дау-дамай тыйылмай тұр.