Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орал қаласында Хан тоғайы отқа оранды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Хан тоғайында өрт оқиғасы болды.

в
Фото: видеодан алынған скрин

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, орманның өртеніп жатқаны жөнінде 27 шілде күні сағат 13.35-те хабар түскен. 

Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі сол бойда өртті сөндіруге кіріскен. Алдын ала мәлімет бойынша өрт баған құлап, электр сымының қысқа тұйықталуынан шыққан.

Тілсіз жауды ауыздықтау үшін Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ қызметкерлері, БҚО ТЖ департаментінің өрт сөндірушілеріне қоса Көшім орман шаруашылығынан қосымша күш тартылды. Сондай-ақ Атырау қаласы мен Ақжайық ауданы Чапаев ауылынан тікұшақ келді. 

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне қарағанда, шамамен 15 гектар аумақта үйеңкі, шаған ағаштары жанған. Оқиға орнында екі тікұшақ жұмыс істеп жатыр. 

Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ормандағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылғанын жазған едік.