Орал қаласында Құрбан айт кезінде мал үш арнайы орында шалынады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбан шалуға арналған арнайы орындар анықталды.

Астанада құрбан шалатын орындар қай жерде
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қасиетті мейрамға орай өңірде дайындық жұмыстары жүргізілді.

Самат Қанатқалиұлының сөзіне қарағанда, құрбандық шалу үшін санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай келетін үш арнайы орын белгіленді. Олар – Орал қаласындағы «Ел ырысы» базары, «Кублей» мал сою орны және «Батыс Адал-Ет» сою кешені. 

- Шалғайдағы немесе іссапардағы азаматтарға қолайлы болу үшін QURBAN2025.kz ресми сайты арқылы онлайн құрбан шалуға мүмкіндік жасалған. Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусымда Батыс Қазақстан облысы бойынша таңғы сағат 06.30-да Айт намазы оқылады. Құрбан айт құрметіне қазақ күресінен «Жамағат барысы» жарысы өткізіледі. Оған қоса Айт намазынан кейін орталық мешіт ауласында арқан тартыс, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындарға кезек беріледі, - деді С.Әлібаев. 

БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерболат Исан мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық мешітте жергілікті полиция, төтенше жағдайлар, жедел жәрдем және ішкі саясат қызметтері кезекшілік атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар мал сою орындарында санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі және құрбандық шалу тәртібіне баса мән беріледі.

- ҚМДБ-ның жергілікті жерлердегі құрылымдары арқылы тұрғындар арасында Құрбан айт кезіндегі рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу, мал сою барысын фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратудан тыйылу, Айт мейрамына жайылатын дастархан мәзірінің қарапайым болуы сияқты ұсынымдар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айт кезінде мерекелік мәдени іс-шараларды өткізуге қолдау көрсетіледі, - деді Е.Исан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай мал союға арналған ресми орындар белгіленгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар