БҚО-да саяжайлар жарықсыз қалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы аумағында желдің күшеюі салдарынан электр қуатын беру бойынша апаттық ажыратулар тіркелді.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-дан мәлім еткеніндей, ағаш бұтақтары электр желілеріне құлап, қысқа тұйықталу болды.
Осыған орай Асан ауылында 780, облыстық аурухана ауданында 809, № 6 және Қонаев шағынауданында 1 179, барлығы 2 768 тұтынушы, оған қоса Мичурин ауылы аумағындағы саяжайлар электр жарығынсыз қалды.
- Қазіргі уақытта апаттық бригадалармен әуе желілері бойындағы ағаш бұтақтарын кесу және тазалау жұмыстары атқарылып жатыр. Абоненттерге электр жарығын мүмкіндігінше қысқа мерзімде беру үшін қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар «Батыс су арнасы» ЖШС аптап ыстыққа байланысты ауыз суды тұтыну көлемі айтарлықтай артқанын жеткізді. Соның салдарынан су беру жүйесіне түсетін жүктеме ұлғайды. Бұл қаланың жекелеген аудандарында, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында су қысымының уақытша төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Мекеме тұрғындардан ауыз суды қажеттіліктерге қатысы жоқ мақсаттарға уақытша пайдаланудан бас тартуды ұсынды. Атап айтқанда, күндізгі уақытта бау-бақша, көгалдар мен жасыл желекті суару, жеке тұрғын үй иелерінің аумағында автокөлік жуу, бассейндер мен сыйымдылықтарды толтыру және басқа мақсатқа суды қолданбауға өтініш жасалды.
Орал қаласында бүгін де күн қатты ысып, температура тілі 40 градусқа жақындады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ормандағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылғанын жазған едік.