Орал қаласында скарлатинамен сырқаттанғандар саны 1,3 есеге көбейген

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында скарлатина жұқпасымен ауырғандар саны өскені байқалады.

БҚО-да скарлатинаның таралуына жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылданып жатыр
Фото: pexels.com

Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиеваның мәлім еткеніндей, өткен жылы осы дертке 438 адам шалдыққан. Бұл — алдыңғы жылғыдан (308) 1,3 есеге көп.

Оның сөзіне қарағанда, ауырғандардың 403-і — 14 жасқа дейінгі балалар. 13-і — 15-17 жас аралығындағылар. 22-сі — ересектер.

— Скарлатина жұқтырғандардың 47-сі — ұйымдастырылмаған балалар. Сонымен қатар, 232-сі — балабақша тәрбиеленушілері, 131-і — мектеп оқушылары, 11-і — студент, 17-сі — жұмыссыздар. Бұл ауруды азайту мақсатында балабақшалар мен мектептерде таңертеңгілік сүзгі ұйымдастырылды. Алдын алу шаралары жүргізіліп, ұсынымдар берілді, — деді Г.Дүйсеғалиева.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы жіті респираторлық вирустық инфекцияны (ЖРВИ) жұқтырған 142 242 адам тіркеліп, аталмыш көрсеткіш 1,2 есеге төмендеген. Алайда 184 адамнан тұмау анықталып, бұл дерек 4,1 есеге артып кеткен. 

— Медициналық ұйымдарға кіреберісте ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдар сүзгіден өткізілді. Температуралық және дезинфекциялық режимдердің сақталуы қамтамасыз етілді. Оған қоса үй-жайлардың санитарлық жағдайына бақылау күшейтілді, — деп қосты Г.Дүйсеғалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны 87 мыңнан асқанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ БҚО-да қызылшамен ауырған 60-қа жуық адам ауруханаға жатқызылды

Оралда қызылшамен ауырған балалардың барлығы екпе алмаған.

Соңғы жаңалықтар