Орал қаласында үйлердің басым көпшілігіне жылу берілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында көп қабатты тұрғын үйлердің негізгі бөлігі жылуға қосылды.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, облыс орталығында көп қабатты 1 215 үй болса, соңғы екі күн ішінде соның 1 048-іне жылу берілді.
«Қалған 167 көп қабатты үйдің құбырына да жылу келіп тұр. Бұл үйлерде ПИК немесе басқару нысанын реттеу, ішкі жылыту жүйелерін жуып-шаю жұмыстарын атқару қалып тұр. Мұны сәрсенбі күні аяқтау көзделуде. Сонда барлық үй жылуға қосылатын болады. Жылу құбырларында қандайма бір мәселе туындаса, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның кезекші бригадалары қарап, жөндеп береді», - деді Ж.Дүйсенғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында тұрғын үйлерге жылу қашан қосылатынын жазған болатынбыз.
Өтінімдерге сәйкес мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік мекемелерге жылу өткен аптада берілді.