Орал қаласындағы дүкендерде тұз тапшылығы туындады

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы бірқатар сауда орындарында ас тұзы сатылып жатса, кейбірінде жоқ болып шықты.

ф
Фото: Видеодан алынған скрин

Зачаган кентіндегі Орал-Саратов тас жолы бойындағы «Алтындар» супермаркетінде ас тұзы сөресі бос тұр.

Дүкен қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, тұз бір-екі күннен бері жоқ. 

Есесіне 152-атқыштар бригадасы көшесі бойындағы «Шағатай» азық-түлік дүкенінде ас тұзы сатылып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, қалада тұз іздеп жүргендер баршылық. Сонымен қатар тапшылыққа байланысты тұздың қымбаттап кеткенін де сөз қылып жатқандар бар.

Осыған орай БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстан облысының халқы айына 90 тоннадай тұзды тұтынады. 

Оның негізгі бөлігі (80 пайыздайы) 270 км қашықтықта орналасқан көршілес Орынбор облысы Соль-Илецк қаласындағы «Руссоль» жауапкершілігі шектеулі қоғамынан жеткізілетін. Аталмыш компаниядан тауардың жөнелтілуі тоқтап қалғандықтан, БҚО-ның көтерме өнім жеткізушілері қазақстандық өнімге ауысуға мәжбүр болған. 

- Облыстағы жағдайды тұрақтандыру және тұзбен толық қамтамасыз ету үшін «Аралтұз» АҚ және «Абзал и К» ЖШС-мен (Қызылорда облысы) келісім-шарт жасалды. Өнім өндіруші алыста (1 040 км) болғандықтан, тұз вагондармен 4-5 күн ішінде жеткізіледі. Қазіргі кезде қазақстандық өнім өндірушілермен 5 вагон (300 тонна) тұз жеткізуге келісілген. Соның біреуі (60 тонна) 30 қарашада келмекші. Қалған 4 вагон тұз (240 тонна) 5-7 күнде жетпекші. Бұдан кейін де тұзды облысқа үздіксіз әкелу үшін келісім жұмыстары жалғасатын болады, - делінген ресми жауапта. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автогаз құю станцияларында ұзын-сонар кезек тыйылмай тұрғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар