Орал қаласында бір көпір ашылып, екіншісі жабылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 тамыз күні Орал қаласында әуежайға барар жолдағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір жөндеуден кейін қайта ашылмақшы. Есесіне қаланы Деркөл ауылымен жалғастыратын Шаған өзені арқылы өтетін көпір жөндеуге жабылмақ.
None
None

Еске сала кетейік, Жайық өзеніндегі көпірді күрделі жөндеу ісі 16 шілдеде басталған болатын. Сырым Датұлы атындағы көшемен жалғасып жатқан бұл жолдың жалпы ұзындығы - 7,8 шақырым. Құны 580 млн. теңгеге бағаланған жобаның бас мердігері - «Алматыинжстрой» АҚ.

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Шаған өзеніндегі көпірді жөндеу бойынша да бас мердігер «Алматыинжстрой» АҚ болғанымен, негізгі жұмыстарды «УральскВодСтрой» ЖШС атқармақшы. Көпір арқылы жол қозғалысы шамамен үш ай мерзімге тоқтатылады. Мұның нақты уақыты көпір жабыны алынғаннан кейін белгілі болмақшы. Оны жөндеу жұмыстарына 189,79 млн. теңге бөлініп отыр. 1980 жылы салынған аталмыш көпірдің жалпы ұзындығы 185,48 метр.

Деркөл бағытындағы көпірдің жабылуына байланысты бүгіннен бастап автобустардың қозғалыс кестесіне де өзгеріс енгізілді. Яғни Деркөл ауылының тұрғындары енді Зачаган кенті арқылы қатынайтын болады. Олар үшін қоғамдық және былайғы көлікпен қалаға жету мерзімі едәуір ұзарады. Бұл қосымша қиындық туғызатыны анық. Осының алдында Жайық өзені арқылы өтетін көпір жабылғанда, қала халқы Зачаган, Бортау ауданындағы автокөпір арқылы қатынаған еді.

Айта кетейік, Орал қаласындағы локомотив депосы ауданындағы автокөпір де қайта салуды қажет етеді. Өйткені көпір қос жолақты болғандықтан, көліктердің тез өтуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан алдағы жылы қазіргісін алып тастап, жаңадан төрт жолақты көпір салу көзделуде. Күні бүгін мұның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып, оған 2,3 млрд. теңге бөлу қажеттігі белгілі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар