Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орал қаласында экономикалық белсенді тұрғындар саны 120 мың адамға жетті

ОРАЛ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында өткен жылы жұмысқа тұруға өтініш білдіргендер саны 2010 жылғыдан 26 пайызға азайып, 7185 адамды құрады.

Орал қаласында экономикалық белсенді тұрғындар саны 120 мың адамға жетті

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, соның 3567-сі жұмысқа орналасты. 1702-сі қоғамдық ақылы жұмыстарға, 599-ы кәсіптік оқуға жіберілді. Жастар тәжірибесіне 655 адам жолдама алса, соның 282-сі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша барды.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына орай құрылған қалалық жұмыспен қамту орталығы екі бағытта жұмыс жасауда. Бірінші бағыт бойынша 350-ден астам қала тұрғыны білім алуда. Олар сосын жұмысқа орналасатын болады. Екінші бағыт бойынша 10 адам «Даму» Қоры арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренді. Биыл бизнес жобалары бойынша бес жыл мерзімге 3 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылады.

Жыл ішінде жоспардағы 4841-дің орнына 5248 жаңа жұмыс орны ашылды. Қаланың экономикалық белсенді тұрғындары 3 пайызға көбейіп, 120 мың адамға жетті.