17:08, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Орал қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға студенттерді кеңінен тарту көзделіп отыр
ОРАЛ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға студенттерді кеңінен тарту көзделіп отыр.
Бұл туралы шаһар әкімі Самиғолла Оразовтың қаладағы университет, құқық қорғау органдары басшыларымен бүгінгі өткізген кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне қарағанда, облыстағы қылмыстың 60-70 пайызы 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуымен жасалады. Соңғы үш жылда ЖОО студенттері 179 рет қылмысқа жасаса, соның 43-і өткен жыл үлесінде.
Қазіргі кезде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде полицияға көмектесетін студенттердің екі жасағы құрылған. Мұндай жасақ мүшелерін ынталандыру да қарастырылған. Айталық, 2008 жылы қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысқан сегіз жасқа ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осындай жасақтарды жаңа шағынаудандарда құрса, артықтық етпейді.
Кездесу соңында бірлесіп жұмыс жасау мақсатында облыстық ішкі істер департаменті мен аталмыш ЖОО-лар арасында үшжақты келісімге қол қойылды.