11:45, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Орал қаласында студент жасақтары көше тәртібін сақтауға атсалысуда
ОРАЛ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында студент жасақтары учаскелік инспекторлармен бірге көше тәртібін сақтап, қылмыстың алдын алуға атсалысуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Мүсілім Оңдағановтың айтуынша, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен 100 студент ( бәрі де жігіттер ) іріктелініп алынды. Олар қала автобустарында тегін жүреді. ЖОО ректорлары жасақ құрамындағы студенттерге жатақханадан орын беруге уәде еткен. Студенттерге жалақы төленбейді, бірақ олардың тамақтануы, «қалта шығындары» үшін демеушілердің көмегімен 500 мың теңге бөлінген. Өскемендегі теңге сарайына тапсырыс беріліп, «Полицияның қоғамдық көмекшісі» деген жазуы және реттік нөмірі бар арнайы төсбелгі жасалуда. Бұл шараларға жылына 2 млн. теңгедей қаражат керек. Ол болашақта мүмкіндігіне қарай қала бюджетінен қаралатын болады. Әзірге демеушілердің көмегімен 1 млн. теңге жинақталған, ол әр тоқсан қорытындысына сәйкес үздік шыққан инспекторларға беріледі.