Орал қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында техногендік сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото автордікі

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлім еткендей, мұның негізгі себебі – Зачаган кентінде М.Мөңкеұлы шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің үштен бір бөлігінің қысқа дайын болмау қаупі туындап отыр.

Оның айтуынша, аталмыш шағынауданда үш бу қазандығы болса, соның біреуі – №3 қазандық апатты деп танылып отыр.

Бұл қазандық 18 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Онда 3 мыңнан астам адам тұрады.

«Осы жұмыстарды жүргізу кезінде аталған көпқабатты тұрғын үйлерде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Сметалық құжаттама жасалып, барлық шығындар есептеледі. Жуырда мердігер мекеме анықталады. Төтенше жағдай жариялануына байланысты келісімшарт бір көзден жасалады. Жылу жүйелерімен айналысатын, коммуналдық бағытта жұмыс атқаратын үш-төрт әлеуетті мекемемен келіссөз жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жұмысты 15 қыркүйекке дейін бітіру көзделуде. Шамамен бұл мақсатқа резервтік қордан 500-600 млн-дай қаржы бөлінеді. Қаражат көлемі өзгеруі мүмкін», деді Ж.Дүйсенғалиев.


Оның түсіндіруінше, М.Мөңкеұлы шағынауданында құрылыс 2010 жылы басталып, үш жылдан кейін болат жылу құбырлары салынған.

Осы уақыт ішінде судың жиналуына байланысты құбыр тоттанып, тозған. Сондықтан құбырларда апатты жағдай жиілеп кетті.

Сол себепті 2500 погон метр құбыр жаңасымен ауыстырылады. Бұл жерде құбырларды су баспау жағы қаралады.


Соңғы жаңалықтар